НҰР-СҰЛТАН – 7 қазан, Sputnik, Дәурен Ерболат. Францияда тұратын этникалық қазақ Абдулсамет Алтай бұл елде қандастарымыздың қалай тұрып жатқанын, ана тілі мәселесін және француздардың Димаш Құдайбергеннің өнеріне қалай тәнті болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.
Франциядағы қазақтар
Абдулсамет Алтай 1949 жылы Пәкістанда дүниеге келген. Ал 1953-1954 жылы отбасымен бірге Түркияға көшіп келіпті. Ол – дін қайраткері, ғұлама ғалым, құранды алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың ортаншы ұлы. 30 жылдан астам уақыт Париж қаласында тұрып жатыр. 70 жастағы азамат 1986 жылы Түркиядан Францияға қоныс аударыпты.
"1986 жылы 36 жасымда Франция астанасы Парижге қоныс аудардым. Ол жаққа баруға қорыққан жоқпын. Себебі, мұнда сенімді достарымыз болды. Тері илеп, киім тігуді білетінмін. Еуропаға тігіншілер керек деген соң, осында қоныс аудардым. Париждегі ательеде киім тігіп, жұмыс істедім. 65 жасымда зейнетке шықтым", - дейді ол.
"Талай қиындықты бастан өткіздік"
Абдулсамет Алтай Франциядағы қазақтар Түркиядан қоныс аударғанын, мұнда талай қиындықты басынан өткізгенін жеткізді.
"Францияға қазақтар алғаш 1971 жылы Түркиядан қоныстана бастады. Қазір мұнда 250-ден астам қазақ отбасы тұрады. Қазақстаннан келіп, жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ студенттері де бар. Алғаш көшіп келгенде талай қиындықты бастан өткіздік. Себебі, түрікше, қазақша ғана білдім. Ағылшыным нан сұрай алатын деңгейде ғана болды. Французша жұмысымызға байланысты терминдерді ғана білдік. Барымызды салып, еңбектендік. Парижде тұрып жатқаныма 30 жыл болды", - дейді Франция қазағы.
Оның айтуынша, ол – Франция және Түркия азаматы. Мұнда қос азаматтық алуға заңмен рұқсат беріліпті.
Отбасы
Қандасымыздың 42 жастағы қызы және 35 жастағы ұлы бар. Екеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, әрі Франция азаматтығын алған.
"Балаларыммен қазақша сөйлесемін. Қызымнан туған 3 жиен немерем, ұлымның бір баласы бар. Жұбайыммен бірге немерелеріме қараймын. Оларды мектепке апарып, алып келеміз. Негізгі жұмысымыз – немере бағу. Олардың артынан жүгіру оңай емес", - дейді ол ағынан жарылып.
Абдулсамет Алтай Франциядағы қазақ жастарының жоғары білімді, француз тілін жетік білетінін атап өтті. Олар мемлекетік қызметте, бизнесте және басқа да салада жемісті еңбек етіп жүр.
Қазақ тілі мәселесі
Париж тұрғыны Францияда қазақ тілін үйрету мәселесі өте өзекті болып тұрғанын айтады.
"Қазақ тілі мәселесі өте өзекті күйінде қалып отыр. Жастар қазақша біледі деп айта алмаймын. Франциядағы Қазақстан елшілігі қазақ тілін үйретуге көмектесті. Парижге келген Әйгерім есімді екі қазақ қызы "Қорқыт" атты мәдени орталықты ашты. Олар осындағы балаларға қазақ тілінен сабақ беріп жүр. Сондай-ақ Франция азаматтары асырап алған қазақ балалары бар. Олар да осы орталыққа келеді", - деді қандасымыз.
Сонымен қатар Абдулсамет Алтай Франциядағы қазақтар дінін ұмытпағанын, мешітке барып намаз оқып тұратынын жеткізді. Оның айтуынша, мұндағы қандастар қазақтың салт-дәстүрін сақтап отыр.
Абдулсамет Алтай Қазақстанға алғаш рет 1994 жылы келіпті. Ал екінші рет 1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына орай Семейге барған.
Ол тарихи отанына жылына 1-2 рет келетінін атап өтті. Соңғы рет астанада 2017 жылы болыпты. ЭКСПО халықаралық көрмесін көріп, дүниежүзі қазақтары құрылтайына қатысқан.
Әңгіме барысында оған "Қазақстанға көшіп келгіңіз келмей ме?" деп сұрақ қойдық.
"Бұл сауалды маған журналистер жиі қояды. Мен Қазақстанға көшіп барғанда не істеймін? Зейнет жасындамын, үйде отырамын ғой. Бұл жақта балаларым бар. Үйреніп қалдым. Қазақтың салт-дәстүрін сақтап отырмыз. 7 атаға дейін қыз алып, қыз беріспейміз. Шамамызша Қазақстанның атын шығаруға өз үлесімізді қосып жүрміз", - дейді 70 жастағы азамат.
"Жылқы етін алмаймыз"
Абдулсамет Алтай Парижде қойдың еті қымбат тұратынын, жылқының етін франциялықтар да жейтінін атап өтті. Ол француз қасапшыларынан жылқы етін алмайды. Себебі, олар малды шариғат талаптарына сай бауыздамайды.
"Мұнда бүтін бір қой 180-200 еуро (76 860-85 400 теңге шамасында) тұрады. Малды қаланың шетінде соямыз. Жалпы 1 келі қойдың еті – 11-12 еуро (4700-5120 теңге шамасында). Оны қасапшылардан аламыз. Құрбан айт кезінде малдың бағасы шарықтап кетеді. Жылқы етін сататын қасапшылар да бар. Бірақ олардан ет сатып алмаймыз. Өйткені, олар малды шариғат талаптарына сай бауыздамайды", - дейді ол.
Франция қазағы қымызды Германиядан анда-санда сатып алып тұратынын айтады. Мұнда 0,5 литр қымыздың бағасы – 6 еуро (2500 теңге шамасында ). Сондай-ақ ол қымызды орайы келгенде Түркиядан сатып алатынын атап өтті.
"Тұрып қошемет көрсетті"
2016 жылы Парижде Алматының 1 мың жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен.
"Алтын адамның" көшірмесі қойылып, киіз үй тігілді. Париждегі ЮНЕСКО-ның 7 қабатты ғимаратында Димаш Құдайбергеннің және басқа қазақ әншілерінің қатысуымен концерт өтті. Онда Димаш қазақ және француз тілдерінде әнді нақышына келтіре орындады. Ол ән орындап болған кезде тыңдармандар орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. Зал толған француздар еді. Бұл концертті жұбайым да, келінім де көрді. Қазақтар аз болды. Димаштың дауысы шетелдіктерге ұнады", - дейді ол.
Айтуынша, Димаш Құдайбергенді француз телеарналары көрсеткен. Тіпті, Лара Фабиан "Димаштың дауысы керемет" деп бағасын бергенін айтып өтті.
"Концерт біткеннен кейін ас ұйымдастырылды. Сонда аз ғана уақыт Димашпен сөйлесіп, онымен суретке түсіп үлгердім. Тәрбиелі, қарапайым, қазақша таза сөйлейтінін байқадым. Домбырада да жақсы ойнайтынын білдім", - деді Абдулсамет Алтай.
Мәдени байланыс
Сөз соңында Абдулсамет Алтай Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың нығайып келе жатқанына қуанатынын жеткізді.
"Мәдени байланыс нығайды. Шаралар жиі өтіп тұрады. 26-29 қыркүйек аралығында Парижде қазақ киносының фестивалі өтті. Фестиваль "Айка" фильмімен ашылды. Оны да көрдік. Самал Еслямова қырғыз әйелінің рөлін жақсы сомдаған. Режиссер Рүстем Әбдіраштің "Қазақ хандығы. Алтын тақ" тарихи фильмін де тамашаладық. Шара барысында он шақты фильм көрсетілді. Қазақ кинолары ұнады", - деп түйіндеді сөзін ол.