НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар ақшаны мемлекетке өз еркімен қайтармаса, сот арқылы қайтарады. Басқа жазалау шаралары қолданылмайды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің ақпаратынша, тексеріс барысында 73 мың отбасының шынайы табысын жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғаны анықталды. Тиісті шаралардан кейін 9 мыңға жуық адамның төлемі тоқтатылды. 38 мың адамның атаулы әлеуметтік көмек мөлшері қайта есептелген.
"Атаулы әлеуметтік көмек туралы" заңға сәйкес, көмекті заңсыз алғандар ақшаны өз еркімен қайтаруы тиіс. Егер өз еркімен бергісі келмесе, сот органдары арқылы қайтарылады", - деді Нұрымбетов ОКҚ-де өткен брифингте.
Ол табысын жасырғандар қаражатты қайтарудан бас тартып жатпағанын атап өтті. Біреулер барлық соманы өз еркімен қайтарса, енді бірі біртіндеп қайтарып жатыр.
"Жазалау шаралары болмайды. Әзірге ақшаны қайтармағаны үшін сотқа жүгінген жағдайлар болған жоқ", - деді министр.
Десе де, Нұрымбетовтің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаумен айналысқан адамдар жазалануы мүмкін.
Тағы оқыңыз: 73 мың теңге: көпбалалы отбасыларға төленетін жаңа жәрдемақының мөлшері жарияланды
"Бұл жерде тек көмекті заңсыз алғандар ғана емес, оны тағайындағандардың да кінәсі бар екенімен келісемін. Уақыт тапшылығына байланысты қызметкерлер отбасылардың табысын егжей-тегжей тексеріп үлгермеген. Сондықтан тоғыз айдың қорытындысы бойынша өз міндетін дұрыс орындамаған жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің мәселесін қараймыз. Әкімдерге осындай тапсырма берілді. Көмекті тағайындауға жауапты қызметкерлер тиісті жазасын алатын шығар деп ойлаймын", - деді ведомство басшысы.
"Кедей" отбасылар
Еңбек министрі көмекті заңсыз алған бір-екі отбасыны мысалға келтірді. Соның бірі Алматы облысында тұратын бес балалы жанұя.
"Олар өздерінің жеке кәсібін жасырған. Бұл отбасыға әлеуметтік көмек маусым айында тағайындалды. Бірақ тексеріс барысында жанұяның 852 мал басы бар ірі шаруа қожалығы бар екені анықталды", - дейді Нұрымбетов.
Тағы бір отбасы бірінші тоқсанда табысын 220 мың теңге деп көрсеткен. Сөйтсе, отағасы – жеке кәсіпкер, бірінші тоқсанда отбасының табысы 12,5 миллион теңгеден асқан.
"Жан басына шаққанда әрбіріне 700 мың теңгеден келеді. Яғни, тұрмысы төмен отбасы қатарына жату үшін белгіленген өлшемшарттан 34 есе артық болып отыр", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Министр 1 қаңтардан қандай өзгеріс болатынын айтты
Министрдің айтуынша, кейбірі, тіпті, бірге тұрмайтын адамдарды отбасы мүшелерінің қатарына қосып қойған.
"Былайша айтқанда, бұл адамдар атаулы әлеуметтік көмекке шын мәнісінде мұқтаж жандардың ақшасын алып қойды десек те болады. Себебі біздің заң бойынша атаулы әлеуметтік көмек бюджетте қарастырылған қаражат көлемінде төленеді", - деді Нұрымбетов.
Айта кетсек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық көпбалалы анаға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлеуді ұсынып отыр. Оның мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңге шамасында төлеу көзделген.