Оқиға

Басын кесіп тастаған: Риддерде жас қыз жантүршігерлік қылмыс жасады

© ДВД АлматыНож - рекадр
Нож - рекадр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл оқиға осыдан бес жыл бұрын болған. Бірақ қылмыстық материалдар баспасөзде жарияланған жоқ. Себебі ішінде жантүршігерлік детальдар көп болды...

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. 2014 жылы ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қатты суық болды. Түнде қақаған аяз тұрды. Ондайда полицейлер де кабинеттен шыққысы келмей, қылмыс болмаса екен деп отырады. Бірақ кезекшілік бөліміне қоңырау түсті. Белгісіз бір әйел көпқабатты үйлердің бірінде ер адамның мәйіті жатқанын хабарлаған. Мекенжайын айтып, тұтқаны тастай салады. Sputnik Қазақстан қылмыстық іс материалдарға сүйеніп, жантүршігерлік қылмыстың қалай болғанын баяндайды.

Полицияның өзі есеңгіреп қалды

Шұғыл тергеу тобы күнде сан алуан қылмыстарды көріп жатады. Бірақ осы жолы олардың өздері "шок" болды. Кіреберістің баспалдағында шалқасынан ер адамның денесі жатқан. Мәйіттің айналасын қан басқан. Қабырға, сүйеніш, тіпті төбе де қанға боялыпты.

Ал ер адамның денесін зерттеу кезінде полицейлердің жүрегі айныған. Сот-медициналық сараптама жасаған маман жерде жатқан жігіттің басын кесіп тастағанын жеткізді. Арқа жағынан бір жапырақ терісі ғана басты ұстап тұрған...

"Балталап тастадым": павлодарлық қанішердің өлер алдындағы ашық әңгімесі

Құқық қорғаушылар мерт болған ер адамның қалтасынан жеке құжаттарын тапты. Бірақ үйдің тұрғындары Александр Бабенконы танымайтын болып шықты. Ал полицияда оның екі рет істі болғаны анықталды. Бір рет бұзақылық үшін жауапқа тартылса, көп ұзамай, есірткі заттарымен ұсталған екен.

Тергеушілер Бабенконың түнгі уақытта қаланың шетіне қалай келгенін түсінбейді. Себебі ол мүлдем басқа мекенжайда тұратын. Полиция оқиға орнын қоршап жүргенде криминалистер маңызды бір дәйекті тапты.

Қан іздері үшінші қабатқа қалай жеткен?

Криминалист сарапшының біреуі оқиға орнын тыңғылықты зерделеп, тамшылаған қанның іздері баспалдақпен жоғары қарай кеткенін байқап қалады. Тамшылар үшінші қабаттағы №115 пәтердің есігі алдында үзілген. Криминалист осыны бірден тергеушілерге айтады.

Құқық қорғаушылар есікті қағады. Бірақ ешкім ашпайды. Бірнеше минуттан кейін ұйқылы-ояу әдемі бір қыз шығады. Аты – Яна. Полиция қылмыс туралы айтқанда ол түнде айғай-шуды естімегенін жеткізеді. Бірақ тергеушілер үйге кірейік дегенде қарсылық көрсетеді, табалдырықтан аттауға да рұқсат бермеген. Полиция қызметкерлері де қайтпайды. Ақыр соңында ішке кіреді.

Бір кезде арғы бөлмеден тағы бір қыз атып шығып, құқық қорғаушыларға жұдырық ала жүгірген. Сабырға келмейді. Қолына кісен салынған кезде ғана тынышталған. Сөйтсе, ол 21 жастағы Вероника С. деген қыз екен. Полиция оны да жақсы біледі.

Жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан

Вероника "Печенька" деген лақап атпен танымал болған. Жасөспірім кезінде бұзақылық жасап, төбелескені үшін талай рет полицияға жеткізілген. Ал сол күнгі қанды оқиғаның алдында ғана оған қатысты тағы бір сот шешімі шыққан.

Сот материалдарына сәйкес, Вероника жергілікті жерде дискотекаға жігітімен бірге барған. Сол жерде бір қыз "Печеньканың" жігітіне көз қысқан ба, қылымсыған ба, әйтеуір Вероникаға оның әрекеті ұнамай қалады. Ол көп ойланбай, "бәсекелесін" далаға шығарып, соққының астына алған. Оны қатты ұрғаны сонша, жаңағы қыз жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Сот қатаң шешім шығармады. "Печеньканы" түрмеге қамаған жоқ, бостандығын шектеп жібере салды.

Осылайша, кеше ғана құқық қорғаушылардың назарына іліккен Верониканың қолына тағы кісен салынды. Бірақ осы жолғы қылмысты кім жасады? Оны полиция әлі білмейтін.

Верониканың әңгімесі

Қанның іздері тура қыздар тұратын пәтердің алдында үзілсе де, екеуі қылмыс туралы ештеңе білмейтінін және түнде ешкімнің дауысын естімегенін қайта-қайта айтады. Ал Вероника қолындағы кісенге қарамастан, полицияға қарсылық көрсетіп, балағат сөздерін тоқтатпайды. Ал тоңазытқыштың көкөніс сақтайтын жәшігінен қанға боялған пижама шыққанда сап тыйылады. Көп ұзамай бәрін айтып береді.

Оның айтуынша, күндіз әжесі қайтыс болған. Үйде қарбалас. Туған-туыстары жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып жүргеннен кейін Вероника құрбысының үйінде түнеп шығуға шешім қабылдаған. Түнде екеуі арақтан ұрттап, біраз әңгіме айтқан. Содан бір нәрсеге келіспей қалады. Жанжал шығады. "Печенька" ашуын басамын деп, далаға барған. Төменгі қабатқа түскенде жерде жатқан жігіттің денесіне шалынып қалады. Сол кезде пижамасына қан жұққан.

"Ол дем алып жатқан. Мен алғашқы көмекті де көрсетіп көрдім. Бірақ амал қанша, тура менің қолымда қайтыс болды. Содан мен үйге жүгіріп барып, Янаны ояттым. Полицияға да мен қоңырау шалғанмын. Жақында ғана істі болып шыққанымды білесіз ғой. Енді, тағы проблема болады деп қорықтым. Содан бәрін жасыруға тура келді", - деді Вероника.

"Печенька" осының бәрін жылап тұрып айтады. Полиция да сене бастайды. Бірақ тергеушілер қыздың бір нәрсені жасырып отырғанын сезеді. Сондықтан екеуін де полицияға алып кетеді. Таңға дейін уақытша қамау изолияторына отырғызып қояды.

Қыздар "өте жақын" қарым-қатынаста болған

Вероника изоляторда талай рет болған. Сондықтан еш қорықпай отыра береді. Ал нәзік Яна ондай жерге бірінші рет түскеннен кейін ұзақ шыдай алмайды. Таңға қарай Александр Бабенконы құрбым өлтірді деп мәлімдейді.

Жауап алу кезінде Яна құрбысымен "өте жақын" қарым-қатынаста болғанын да ашық айтты. Сол себепті Вероника оған жиі келіп, түнеп кететін. Екеуінің арасындағы махаббат туралы ешкім білмеген.

Жақында Яна бір жігітпен танысқан екен. Ол жұбайымен ажырасқаннан кейін бір қыз тәрбиелеп жүрген. Сөйтіп, екеуі жақын араласып кетеді. Бірақ Яна өз құрбысының долы мінезін біле тұра, оған ештеңе айтпайды. Ал Вероника келетін күні жігітін үйіне шақырған. Бірақ құрбысының қонуға сұранатынын білмеген.

Қызғаныштың әсері қатты

Алекстандр Бабенко №115 пәтерге түн ортасында келген. Қолында екі бөтелке арағы да болыпты. Үшеуі бірден дастарқан жайып, таныстық үшін рөмке көтеруге кіріседі.

Вероника ол күні көп ішпегенін айтады. Себебі ертесінде әжесінің жерлеу рәсіміне бару керек. Ал Яна мен Александр қатты мас болып қалады. Бір-екі сағаттан кейін "Печенька" отырысты доғарып, түнгі қонаққа үйіне қайтуға бұйырады. Дәл осы кезде жанжал туындайды. Үйден кім кетуі керек? Вероника мен Александр осыны анықтауға кірісіп кетеді. Екеуі де бір-біріне бой бермейді.

Верониканың бойы - 180 сантиметр, күші де бар. Оған мас жігітті кіреберіске итеріп шығару қиынға соқпады. Сол жерде екеуінің "пікірталасы" жалғасты. Бірінші қабатқа түскенде Александр қыздың намысына тиетін бірнеше қатты сөз айтып қалады. "Печенька" шыдай алмай, жұдырықпен бір ұрады. Александр да жұдырық ала жүгіреді. Дәл сол кезде Вероника қалтасындағы бәкісін алып шыққан.

Мас жігіт төніп келгенде бірден мойнына пышақ салған. Қан атқылай бастайды. "Печенька" тоқтамады. Александрды шаштан алып, мойнына бәкісін сұққылай берді. Қызғаныштың әсері қатты болғаны сонша, Вероника жас жігіттің басын кесіп тастауды ойлаған. Бірақ далада біреудің дауысы естіледі. Ол дереу қалтасынан бағалы заттарын алып, үйге жүгіріп кірген. Ал бірнеше минуттан кейін полицияға хабар береді. Өзі киімін ауыстырып, сүйіктісінің қасына жатқан.

Сотта Вероника көп сөйлеген жоқ. Мас болмағанын және қорғаныс үшін қылмысқа барғанын айтумен болды. Аффект күйінде болдым деп ақталды. Бірақ сот-психиатрлық сараптама "Печеньканың" қылмыс жасағанда есін білгенін көрсетті.

Сот шешімімен Вероника 8 жылға түрмеге қамалды. Яна қылмыстық жазаға тартылған жоқ.

Жаңалықтар
0