Қоғам

"Өліп кетуі мүмкін". Сомнолог түнгі 12-ден кейін ұйықтайтындарды сақтандырды

© Photo : Фото: дәрігердің жеке архивінен алындыСомнолог Әлия Байдәулетова
Сомнолог Әлия Байдәулетова  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дәрігер түнде жұмыс істейтіндер ұйқысыздық, жүрек-қан тамырлары аурулары, қан қысымы, қант диабетіне шалдығуы мүмкін екені мәлімдеді  

НҰР-СҰЛТАН, 4 қазан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Жоғары санаттағы дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, сомнолог Әлия Байдәулетова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында уақытында ұйықтап, уақытында тұру неліктен маңызды екенін айтты.

Ұйқы – ем

Медицина саласында 19 жыл еңбек өтілі бар дәрігер дұрыс ұйықтау адам организмі үшін өте маңызды екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйқының көптеген функциясы бар.

"Ұйқы – ем. Біріншіден, ол адамның ағзасын қалыпқа келтіреді. Терең ұйқы кезінде, яғни түннің алғашқы жартысында иммунды қорғаныс жүйесінің күшеюіне ықпал ететін гормондар бөлінеді. Ал адам түнгі 12-ден кейін ұйықтаса, оның иммунитеті төмендеуі мүмкін. Ағзада май, көмірсу, ақуыз алмасуына жауап беретін гормондар да бар. Олар да ұйқының нақты фазасында бөлінеді. Егер адам белгіленген уақытта ұйықтамаса, ол артық салмақ жинауы мүмкін", - дейді Әлия Байдәулетова.

Сомнологтың айтуынша, ұйқыны күтіп, оны бақылап отыру керек. Сонда адам оның шарапатын көреді.

Уақытында ұйықтап, уақытында тұру өте маңызды

Дәрігер ұйқы сапалы болу үшін уақытында жатып, уақытында тұруға кеңес береді. Себебі, бір уақытта жастыққа бас қойып, бір уақытта оянған адам өзін әлдеқайда сергек сезінеді. Осы орайда ол "сапалы ұйықтау" түсінігіне тоқталды.

"Бұл – уақытында тұрып, уақытында ұйықтау. Бізде адамдар кешкі 9-ға дейін және 9-дан кейін ұйықтайтындар деп екіге бөлінеді. Бұл уақытта организмде ұйқы гармоны мелатонин бөлінеді. Бұл кешкі сағат 9-дан түнгі 11-ге дейінгі уақыт. Яғни сапалы ұйықтау үшін ең қолайлы уақыт. Сондықтан режимді сақтау маңызды", - дейді сомнолог.

Әлия Байдәулетова ересек адамдар 7,5 сағат ұйықтаса жеткілікті екенін жеткізді. Оның айтуынша, адамдар ең аз дегенде 6,5 сағат, ең көп дегенде 9 сағат ұйықтауы мүмкін. Бұл адам организмінің ерекшелігіне байланысты.

Ұйқы неге қанбайды?

Ол сонымен қатар кейбір адамдар 7-8 сағат ұйықтаса да неге ұйқысы қанбай, дел-сал болып тұратынын түсіндірді. Дәрігер адамның миында ұйқыға және сергектікке жауап беретін орган бар екенін атап өтті.

"Адамның ұйқыдан сергек оянуы осы екі органның бір-бірімен тығыз жұмыс істеуіне байланысты. Олар бір-бірімен нейромедиаторлар немесе гормондар арқылы байланысады. Егер адам уақытында тұрмаса, гормондар жиналады да ешқайда кетпей тұрып қалады. Салдарынан тамырлар құрысады. Адам сергек болып оянудың орнына басы ауырып, қан қысымы жоғарылап, дел-сал болып тұрады", - дейді ол.

Ұйқысыздық неден пайда болады?

Сомнолог ұйқысыздық 21 ғасырдың дерті деген пікірде. Заманауи технологиялардың дамуы, адамның ақпаратты үздіксіз түрлі гаджеттер арқылы алуы ұйқысыздық дертінің пайда болуына ықпал етеді. Себебі, ми көп ақпаратты қорыта алмайды.

Тағы оқыңыз: Тәтті және газдалған сусын қандай ауруға шалдықтырады – дәрігер жауабы 

"Бұдан ұйқысыздық дертінің қаупі туындайды. Мен ұйқысыздықтың ауыр түрлерін емдеймін. 3-7 жыл ұйқысыздықтан жазыла алмаған соң, маған келіп жүрген пациенттер бар. Олар ұйқы келтіретін дәріге тәуелді болып қалған. Біз ұйқысыздықты когнитивті терапия әдісі арқылы емдейміз. Оның еш құпиясы жоқ. Пациентке арнайы кесте беріліп, сол бойынша емделеді. Оларға екі кеңес береміз. Біріншісі, төсекте жатудың уақытын шектеу, екіншісі салауатты өмір салтын ұстану", - дейді Әлия Байдәулетова.

Түнде жұмыс істеу организмге салмақ салады

Дәрігер түнгі уақытта жұмыс істейтін мамандық иелерінің қауіпті дертке шалдығу қаупі жоғары екенін айтты. Өйткені, түнде жұмыс істеу организмге артық салмақ түсіреді. Сомнолог ұйқысыз бір күннен кейін ми қалыпқа келуі үшін адам 2-3 күн ұйқысын қандыру қажеттігін айтады.

"Бұл организмге зиян тимеуі үшін керек. Мысалы, ұзақ уақыт түнде жұмыс істейтін мамандық иелері бар. Олар – шахтерлар, метро жүргізушілері, медбикелер, реаниматологтар және тағы басқа. Бұл мамандардың түрлі ауруға шалдығу қаупі жоғары. Оның ішінде ұйқысыздық, жүрек-қан тамырлары аурулары, күретамырлық қысым, қант диабеті ауруы бар", - дейді ол.

Қорылдан адам өліп кетуі мүмкін

Әлия Байдәулетова қорылдың екі түрі бара екенін айтады. Біріншісі, адамның денсаулығына зиянын тигізбейді. Бірақ дәрігерге қаралған жөн. Екіншісі, адамның өміріне қауіп төндіреді. Ол бұл ауруды 16 жыл бойы зерттеп жүр екен.

"Қорылдың бұл түрін "храп остановками дыхания" немесе ұйқының обструктивтикті апноэ синдромы дейді. Пациент ұйықтаған кезде 400-500 рет тыныс алу ритмі бұзылады. Ол түнде 1-1,5 минут демалмауы мүмкін. Бұл ауру артық салмағы бар адамдарда кездеседі. Тыныс тоқтаған соң, жүрек қатты соғады, әрі миға ауа жетпейді. Демалу ритмі бұзылған соң, адам өліп кетуі мүмкін", - дейді сомнолог.

Ол бұл дерттің сипап әдісі арқылы емделетінін жеткізді. Яғни науқас ұйықтар алдында арнайы құралға бекітілген масканы киіп, құралды іске қосады. Маскадан адамға ауа беріліп тұрады. Осылайша, пациенттің түнде тынысы бұзылмайды.

Кофе миға салмақ түсіреді

Сомнолог ұйықтар алдында кофе ішуге кеңес бермейді. Себебі, бұл ұйқыны бұзады.

"Кофе мидағы аденозин рецепторларына әсер етеді. Ол адамның өзін сергек сезінуіне көмектесетін механизмді іске қосады. Миға салмақ түседі. Кофе ішкен кезде ұйқы гормоны мелотаниннің мөлшері төмендейді. Адамға еңбек қабілеті жоғарылағандай көрінеді. Алайда бұл адамның жүйке жүйесіне артық салмақ түсіреді", - дейді дәрігер.

Әлия Байдәулетова түскі үзілісте 15-20 минут мызғып алу артық етпейтінін жеткізді. Ол адамның еңбек қабілетін күшейтіп, күш-қуатын арттырады.

Дәрігердің кеңесі

Сөз соңында сомнолог қазақстандықтарға кеңес берді.

"Дұрыс ұйықтау – денсаулықтың кепілі. Ғажайып болмайды. Тісті қалай күтсеңіз, ұйқыны да солай күтіңіз. Уақытында тұрып, уақытында ұйықтаңыз. Түнде қорыл пайда болмас үшін салмағыңызды қадағалаңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз", - деп түйіндеді сөзін Әлия Байдәулетова.

Жаңалықтар
0