НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Досаев мемлекет басшысына Ұлттық банк қызметінің және еліміздегі қаржы нарығының соңғы 9 айдағы жағдайы, инфляцияны нысаналы дәліз шеңберінде сақтау, экономиканы кредиттеудің сапалы өсуін қамтамасыз ету туралы баяндады.
Сондай-ақ, жеңілдікпен кредиттеу бағдарламаларын іске асыру шаралары, екінші деңгейлі банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жөнінде мәлімет берді.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Досаев президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы жайына да тоқталған.
"Ұлттық банк төрағасы президенттің қиын жағдайдағы азаматтардың тұтыну кредиті бойынша қарыздарын кешіру, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қысқарту жөніндегі тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы айтты", - деп жазылған хабарламада.
Президент ұлттық банк төрағасына қаржы секторындағы жұмыстарды тиімді үйлестіруді тапсырды.
Кімнің кредиті кешірілді
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайдағы азаматтардың тұтыну кредитін кешіруді тапсырған болатын.
Президент жарлығына сәйкес, 2019 жылдың 1 маусымына дейін жалпы қарызы үш миллион теңгеден аспайтындардың кредиті өтелді.
Тағы оқыңыз: Кредит бойынша қарыздың кешірілгенін қалай білуге болады?
Мемлекет бір қарыз алушы кредитінің 300 мың теңгеге дейінгі сомасын кешірді.