НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан — Sputnik. Елордадағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмыс істеп тұрғанына отыз жылдан асқан. Бүгінде орталықта қарттар, зейнеткерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер тұрады. Ел арасында бұл орталық "қарттар үйі" деген атаумен таныс. 1 қазан – Қарттар күні қарсаңында Sputnik Қазақстан тілшісі әлеуметтік орталыққа барып, жұмысымен танысып қайтты.
"Шарапат" орталығының аумағы – 4,5 мың гектар. Үшқабатты ғимарат қалың ағаштың ортасында орналасқан. Орталықты алыстан көрген адам оны балабақша немесе мектеппен шатастырып алуы әбден мүмкін. Алайда, әлеуметтік қызметкерлердің айтуынша, қарттардың балалардан айырмашылығы аз.
Орталықтың іші таза әрі жарық. Ғимараттың әр бөлмесі тұрғындардың жайлылығы үшін салынғаны байқалып тұр.
"Шарапатта" кімдер тұрады
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2007 жылы ашылған. Алғашында қарттар үйі Жұмабек Тәшенов көшесінің бойында орналасыпты. Бүгінде жаңа ғимараттың 400 адамды қабылдауға қауқары жетеді. Ал қазір мұнда 25 пен 96 жас аралығындағы 317 тұрғын бар.
"Бізде он екі ұлттың өкілі тұрып жатыр. Мұндағы адамдар би билеп, ән айтқанды ұнатады. Әсіресе, үрлемелі оркестрді жақсы көреді. Мереке қарсаңында оларды түрлі концерттерге, мейрамханаларға шақырады.
Демеушілер сыйлық береді. Бұл оларға қатты ұнайды", - дейді "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ардақ Сейітова.
Жеке өмірін құпия ұстағанды жөн көреді
Бұрын орталықта Ұлы Отан соғысының ардаргерлері көп болған. Қазір сұрапыл соғысты көрген екі ардагер ғана қалыпты. Оның бірі 92 жастағы – Олег Линник. Ол екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері.
Олег Линник Ресейдің Краснодар өлкесінде дүниеге келген. Бар-жоғы алты сыныптық қана білімі бар. Еңбекке жастайынан араласыпты. Бозбала шағында вагоннан жүк түсіріп, станциядағы санитарлық вагондардың пешін жаққан. 1945 жылы қан майдан аяқталған соң, тың және тыңайған жерлерді игеру үшін Ақмолаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) келген. "Шарапат" орталығында тұрып жатқанына 20 жыл болыпты.
"Мұнда жақсы адамдар жұмыс істейді. Бізді қажет дүниемен қамтамасыз етіп отыр. Мен тамақ пісіргенді. Әсіресе, борщты. Екі ұлым бар. Біреуі басқа елде тұрады. Екіншісі ауыр дертке шалдыққан. Жасым болса тоқсан екіге келіп қалды. Жүз жасағым келеді, әрине", - деп ағынан жарылған қария жастарға мейірбан болуға кеңес берді.
Орталықтағы әрбір тұрғынның ішіне бүккен сыры, бастан кешкен оқиғасы бар. Бірақ, мұндағылар жеке өмірін жария еткенді ұната бермейді. Бірі шарасыздықтан, енді бірі жалғыздықтан қашып келгендер.
Орталықта ұрыс-керіс те болады
"Шарапат" орталығының ұзын дәлізінен бұрынғы судьяны, директорды, дәрігер мен академикті, бір сөзбен айтқанда, түрлі сала мамандарын кезіктіруге болады. "Қариялар үйінде" ара-тұра ұрыс-керіс те болып тұрады екен.
"Бәрі бала сияқты, шыдамсыз, түкке тұрмайтын дүниеге ренжіп қалады. Кейде өздері де ауыр сөз айтып, өзгелерді ренжітіп жатады. Десе де, әлеуметтік қызметкерлердің міндеті – түсіністікпен қарап, оларға көмектесу. Егде жастағы адамдармен жұмыс істегенде, біз эмоцияға берілмей, шыдамдылық сақтауға тырысамыз. Өйткені қариялардың өмірі бізге үлгі. Олар жасаған қателікке біз ұрынбауымыз керек, тек жақсы тұстарын үйренген абзал", - дейді Сейітова.
Қос ғашықтың хикаясы
Орталықта табысып, қол ұстасқан жұптардың бірі – Татьяна Одинокая мен Петр Селенский. Қос ғашықтың махаббаты осы ғимаратта басталған.
Татьянаның баласы жоқ. Инсульт алғаннан кейін өз бетінше жүріп-тұрудан қалған. Ал күтуші жалдауға ақшасы жоқ. Амалсыздан қарттар үйін паналауға мәжбүр болыпты.
Петр Селенский болса, бірінші топтағы мүгедек. Аяғынан айырылған. Алайда мүмкіндігі шектеулі жан мойымайды. Тәжірибелі агроном орталықтың балконында қызанақ өсіріп жүр.
"Біз осында таныстық, бірден тіл табысып кеттік. Екеумізде де бала болған емес, сондықтан бір-бірімізге қарайласып жүрміз. Люся атты мысығымыз бар. Ол да отбасының мүшесі. Орталықта тұрсақ та, өзімізді жалғыз сезінбейміз. Керісінше, мұнда өте көңілді, іш пыспайды", - деп күлді Татьяна Одинокая.
"Соңғы аялдама іспетті"
Орталықта тұру үшін қала әкімдгінің рұқсаты қажет. Тиісті құжаттарды әкімдікке өткізген соң, мемлекет есебінен өмір сүруге болады. Алайда қарттар үйіне жолдама сатып алғандар да бар. Қазір мұнда 70 адам ақша төлеп тұрады. "Шарапат" тұрғындарының дені – егде жаста. Жалғыз қалып, іш пысып келгендер де бар. Сондай-ақ, орталықта бақытын тапқан 15 жарасымды жұп та тұрады.
"Шарапаттағы" қариялардың үш ай демалысқа шығуға мүмкіндігі бар. Бес мезгіл тамақтанады, дене жаттығуларын жасайды. Аптасына екі рет орталықтағы бассейн мен саунаға барып демалады. Биыл кешенді оңалтудың арқасында мүмкіндігі шектеулі екі жан денсаулығы жақсарып, аяғынан тік тұрып кеткен.
Мұндағы ережеге сәйкес, зейнетақының 70%-і орталықтың шотына түседі. Ал зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қолында тиісінше 36 мың және 29 мың теңге қалады. Олар бұл ақшаны өз еркімен жұмсай алады.
"Шарапат" орталығында бір бөлмеде 2 адамнан тұрады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтарға, бұдан бөлек, ұзақ уақыт тұрған зейнеткерге жеке бөлме беріледі. Бөлмеде керекті дүниенің бәрі бар: төсек, үстел, тоңазытқыш, жуынатын орын.
Адамдарды бір бөлмеге орналастырмас бұрын, әкімшілік олардың жасын, білімі мен қызығушылығын ескереді. Орталыққа келген қартты психолог екі апта бойы бақылап, кеңес береді.
Шарапатта, сондай-ақ, кинозал да бар. Тұрғындар бос уақытында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Тіпті, ата-әжелерден құралған "Надежда" атты хор да бар екен. Олар қаладағы түрлі мерекелік шараға қатысып, конкурстарда бақ сынайды.
Былтыр демеушілер қарттар үйіне баспахана құралын сыйға тартқан. Қариялардың қуанышында шек болмапты.
"Шарапатта" көбіне ер адамдар тұрады. Олар орталық қызметкерлеріне ғимараттың аумағын жинап, тазалауға көмектеседі.
Тағы оқыңыз: "Алғаш рет шын ғашық болдым": қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген қарияның әңгімесі
Бұдан бөлек, орталықта зейнеткерлерге заңгерлік қызмет те көрсетіледі. Атап айтсақ, мұрагерлікті рәсімдеу, өсиетхат қалдыру, тұрғын үй, ажырасу, алимент төлеу сынды мәселелер бойынша ақыл-кеңес береді.
Орталықтағы адамдардың арасында пәтер кезегінде тұрғандар да бар. Олар баспана кілтін алған соң, орталықтан кетеді екен. Алайда мұндағы тұрғындардың басым бөлігі "бұл орын осы өмірдегі соңғы аялдама" іспетті дейді.
Әлеуметтік қызметкерлер қарттар өмірден өткен жағдайда, ұстанған дініне байланысты жерлеу рәсімі жүргізілетінін айтты.