НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық астролог Ирина Абдраимова қазан айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Саясатта шиеленіс болады
Астрологтың айтуынша, қазіргі кезде үш планета ретроградты бағытта айналып жатыр. Бұл дегеніміз, әрбір планетаның орбитасы әртүрлі болғаннан кейін біреуі екіншісінің алдына түсіп отырады да, артта қалғаны кері айналып жатқан болып көрінді. Оны "ретроградты қозғалыс" деп атайды.
"Алайда 3 қазанда Плутон ретроградты қозғалыстан шығады. Демек, жылдың басында болған оқиғалар өз жалғасын тауып, 2020 жылдың ақпан айына дейін өрбиді. Ол, әсіресе, 11-і және 14-і күндері дүниеге келген адамдарға қатысты болады. Жалпы, баяу қозғалатын планеталардың барлығы біртіндеп ретроградты қозғалыстан шығады. Бұл дегеніміз, бізді өте қызықты оқиғалар күтіп тұр. Әлемдегі саяси оқиғалар шиеленісе түседі. Соның алғашқы нәтижесін келесі жылдың басында көретін боламыз. Енді, оны келесі жолы айтып беремін. Әзірше, алдағы айды айтайық", - дейді Абдраимова Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, қазанның басында өкпе-наз, қызғаныш, реніш, тіпті түңілудің қаупі бар. Адамның бойында алаңдаушылық, ал қарым-қатынаста келіспеушіліктер болуы мүмкін. Оның арты дау-жанжалға ұласады. Сондықтан 1 қазаннан бастап жақын адамдармен, әсіресе, сүйіктілеріңізбен дауласып, абырой табамын деп ойламаңыз. Одан да әріптестік әрі іскерлік байланыстарды күшейтуге басымдық берген дұрыс. Алимент мен мұраға қатысты мәселелер туындайтын шығар.
"Біз адамның кемшілігін айтуға бейім тұратын боламыз. Әңгіме кезінде оны түйреп алуға тырысамыз. Әрбір нәрсенің түбіне жетеміз деп, біреуді кекетіп, ренжітіп алуымыз әбден мүмкін. Алайда мидың жұмысы баяуламайды. Сондықтан қиын мақсат-міндеттерді жылдам шешуге мүмкіндік болады", - дейді Абдраимова.
Кредит алуға асықпаңыз
Ал қаржы нарығында жұмыс қыза түседі. Банктер кредит мен қарыздардың жарнамасын күшейтіп, сан алуан акцияларды көбірек өткізетін болады. Сондықтан кредит алу жағынан барынша сақтық танытқан жөн. Себебі қарызға кіргеннен кейін оны бірнеше жыл бойы қайтара алмауыңыз мүмкін.
"5 қазаннан бастап энергетика сәл төмендейді. Біз бәрін сараптап жасайтын боламыз. Былайша айтқанда, дипломат болуға тура келеді. Дегенмен, оның өзі қиынға соғады. Себебі нақты шешім қабылдау оңай болмайды. "Иә" немесе "Жоқ" деген жауапты бірден бере алмаймыз. Энергияның жетіспеушілігі сезіледі", - дейді астролог.
6 қазанда күйгелектік сезіледі. Ал ертесінде ол қызбалыққа ұласуы әбден мүмкін. Адамның көңіл-күйі үнемі өзгеріп тұрады. Содан дау-дамай, пікірталас пен экстремалды әрекетке деген құлшынысқа бейім боламыз. Жұмыста күтпеген мәселелер туындауы мүмкін. Адам іштей еркін әрі тәуелсіз өмірге жақын болады.
"Әсіресе, ер адамдар ат құйрығын кесуге дайын тұрады. Осы күндері оларға "сен ананы, мынаны істеуге міндеттісің" деп айтса, олар бұлқан-талқан болып, "мен ешкімге қарыздар емеспін, бір нәрсе істеуге де міндетті емеспін" деп шығуы мүмкін. Ондай уақытта адамдар тек өзінікін ғана құп көреді. Жаңа бір әсер, я болмаса, күтпеген бір оқиға іздейміз деп қызбалыққа салынады. Ондайға жол бермеу керек", - деп атап көрсетті Абдраимова.
Энергияны көп жұмсамаңыз
8 қазанда жеке өмірге немесе жұмысқа байланысты депрессия болуы мүмкін. Осыған байланысты астролог 6-7-сі күндері энергияны көп жұмсамауға кеңес беріп отыр. Осы кезде тәуекелге барып, бір нәрсені шешуге тырыспай-ақ қойыңыз. Адам күзгі сары уайымға салынады, көңілі жабырқау болады. Әсіресе, айдың 6-8 күндері дүниеге келген Тауешкі, Таразы, Шаян мен Тоқты белгілері үшін оңай болмайды. Алайда сары уайымның да беті қайтады.
"Дегенмен, эмоция азаймайды, қайта күшейе түседі. 9 қазаннан бастап ынтық сезімге деген қажеттілік болады. Оған да біраз энергия жұмсалады. Сондықтан өз эмоцияңызды барынша бақылауда ұстауға тырысыңыз", - деді астролог.
Ол 12-13 қазанда қымбат заттарды алмауға кеңес беріп отыр. Сондай-ақ, ұзақмерзімді қарым-қатынастар үшін сәтсіз уақыт. Бұдан бөлек, күдікті келісімдерге ақша салған қауіпті.
Жеке өмірде мүлік пен алимент, ал бизнесте қаржылық дау-дамайлар болуы мүмкін. Жалпы, 7-13 күндері сәтсіз уақыт болып саналады. Дегенмен, 13 қазаннан бастап жағдай түзеледі. Ең бастысы, 14 қазанда агрессияға салынбаңыз. Біреудің ыңғайына қарай әрекет етуге тура келеді. Сосын сыртқы факторлар да жоспарды өзгертіп отырады. Бұның барлығы жүйкені тоздырып, көңіл-күйге кері әсерін тигізеді.
Соңғы күндер сәтті болады
"Негізі, 25 қазанға дейін сәтті кезең болады. Дәл осы уақытта бәрін тындырып алыңыз. Жоспар құрып, жаңа бастамаларды да іске асыруға қорықпаңыз. Өйткені 30 қазаннан бастап Меркурийдің жылдамдығы азайып, 31-нен бастап ретроградты қозғалысқа түседі. Ал ондайда құжат рәсімдеу, кәсіпорындарды тіркеу, дүкен ашу, келісімдерді рәсімдеу, бағалы қағаздарды сатып алу сияқты бастамалар сәтсіз болуы мүмкін. Меркурийдің ретроградты қозғалысы кезінде туған адамдар қорықпаса да болады", - деп толықтырды Абдраимова.
Сәтті күндер - 16,19,20,21 және 25. 25 қазан қаржы мәселелері үшін сәтті болады. Ол күні сыйлық алып, сыйақы ұтып алуыңыз мүмкін. Біреуге бір көргеннен ғашық болып қалуыңыз да ықтимал.
Тағы оқыңыз: Қашан өлетініңді 10 жыл бұрын білуге болады - ғалымдардың зерттеуі
27 қазан - жарақаттар, агрессия мен апаттар күні. Туған күндері 7-14 аралығына түсетін Тауешкі, Тоқты, Таразы мен Шаян билікке құмар болып, өте қатал мінез танытады. Ал Сарышаян, Бикеш, Балық пен Торпақтар жұмыста нақты нәтижеге жете алатынын көрсетеді. Оларға сәттілік те серік болады.
"28 қазанда адам ашушаңдыққа салынуы мүмкін. Ондай әрекеттерден кейін қатты өкініп қалуыңыз ықтимал. Электр энергиясы, көлік пен әуе қатынасы жағынан абай болу қажет. Ал 29 қазан күні бұрынғы өкпе-назды еске түсіріп, іштегіні ренжіткен адамға айтқыңыз келіп тұрады. Ондайға бармай-ақ қойыңыз. Бәрібір нәтижесі болмайды. Айдың соңғы күндері сәтті болады", - деп түйіндеді астролог.