Қоғам

"Маған хат жазды": депутат қазақстандық ата-аналарды жауапқа тартуды ұсынып отыр

© Photo : Пресс-служба сената парламента КазахстанаСәуле Айтпаева
Сәуле Айтпаева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенат депутатының әріптестеріне мұндай ұсыныс тастауына ата-аналардан келіп түскен хаттар себеп болған

НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек – Sputnik. Сенат депутаты Сәуле Айтпаева 16 жасқа толмаған балаларын митингке ертіп шығатын ата-аналарды жауапқа тартуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"16 жасқа толмаған балаларын митинке алып шығатын ата-аналарды жауапқа тартуды ұсынып отырмын. Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте заңсыз шеруге қатысқаны үшін 16 жастан бастап жауапкершілік қарастырылған. Алайда 16 жасқа толмаған балаларын митинке шығаратын ата-аналар үшін жауапкершілік көзделмеген", - деді Айтпаева сенат кулуарында.

Ол бүкіл әлемде 16 жасқа дейінгі балаларды қандай да бір қауіпті іске араластырмау туралы норма қарастырылғанын атап өтті. Депутаттың әріптестеріне мұндай ұсыныс тастауына ата-аналардан келіп түскен хаттар түрткі болған.

"Жаздың аптап ыстығында көпбалалы аналар парламенттің алдында балаларымен бірге отырғаны естеріңізде шығар. Осыны көрген басқа ата-аналар маған хат жазып, олар өз балаларын мұндай қауіпті шараларға қатыстырмау керектігін айтты", - дейді сенатор.

Депутат бұл жерде тек көпбалалы аналар ғана емес, әке мен шеше, яғни жалпы ата-аналар туралы сөз болып отырғанын атап өтті.  

"Ата-аналар, ең алдымен, балаларының қауіпсіздігін ойлауы тиіс. Әрине, оларды да түсінуге болады, көбісі сол балалары үшін шығып жатыр. Бірақ, балаларға, олардың өміріне қауіп-қатер төнбеуі керек", - деді Айтпаева.

Тағы оқыңыз: Министр демалыстағы заңсыз митингілер кезінде қанша адам ұсталғанын айтты

Бұған дейін әлеуметтік желіде елордада өткен митинг кезінде кәмелетке толмаған қыздың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейінірек ішкі істер министрлігі оның жасөспірім емес, 19 жастағы қыз екенін хабарлады.

21 қыркүйекте бірнеше қалада өткен заңсыз митингтер кезінде 100 адам ұсталған.

Жаңалықтар
0