НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. "Nur Otan" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия қатарына белсенді азаматтарды қалай жинайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мысалы, мен соңғы рет Шымкенте болғанда бір әйелмен таныстым. Оның жасы 36-да. Балалары бар. Қалаға жақын тұрады екен. Бірақ инженерлік желілер жоқ. Ол келіншектің бармаған жері жоқ. Халықты жинап, ұйымдастырып, жан-жаққа хат жазған. Соның арқасында су, жарық пен газ тартылатын болды. Міне, бізге осындай азаматтар қажет", - деді Байбек партиялық бақылау комитетінің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, халықты мазалап жүрген мәселелерді іздеудің қажеті жоқ. Бүгінде барлық проблема әлеуметтік желілерде жазылады. Ал кейбір адамдар бәрін біледі, бірақ билікке жеткізе алмай жатады.
"Оларға партия алаңында сөз беру керек. Сол жерде айтылатын мәселелерге жауапты басшыларды да шақыру қажет. Сонда нақты нәтиже болады. Әсіресе, аймақтардың жұмысын жандандыру қажет. Өкінішке қарай, сол жағынан жұмысымыз ақсап тұр", - деп атап көрсетті Байбек.
Байбектің ойынша, қажеті жоқ материалдарды жинай бермей, мағынасыз есептерді доғару қажет. Одан да аз материалмен көп жұмыс тындырған жөн. Сонда сан емес, сапа болады.
"Қолымызда тұрған кезде дұрыстап жұмыс істеуіміз керек. Мен аймақтарда отырған әріптестерге тағы да айтамын, жұмысқа тәжірибесі аз адам келсе де, оның ынтасы бар. Көзі жанып тұр. Бір нәрсені істегісі келеді. Олар жұмыс істеуге дайын, бірте-бірте тәжірибе де жинақтайды. Осындай адамдарды көрейік. Ал біреу шаршап, жүктемесі көп болса, мархабат, есік ашық, екі жаққа ашық...Сондықтан осы мәселеге дұрыстап қарайық, формализм болмасын", - деді Байбек.
Тағы оқыңыз: Байбек бірнеше депутатты Nur Otan қатарынан шығарып тастамақшы
Оның сөзіне қарағанда, жергілікті жерде белсенді азаматтар көп. Олар қолға алған мәселені аяғына дейін жеткізеді. Бірақ кейбір жауапты азаматтар оларға мән бермей, артық проблемамен айналысқысы келмейді. Себебі белсенді адамдар "кабинетте тыныш қана отыруға кедергі жасайды".
"Керісінше, дәл сол азаматтарды жұмысқа тарту қажет. Себебі олар жұмыс істейді. Оларға сөз де, мүмкіндік те беру керек. Ондай адамдар кез кез келген мінберден проблеманы айтып, оны шешуге тырысады. Айтпақшы, сондай адамдарға халық та сенеді. Сөйтіп, біздің жергілікті комиссияларымызға да сенім артады", - деп атап көрсетті партия төрағасының бірінші орынбасары.