НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған сапарының алғашқы күніне құрылған ресми бағдарламасы америкалық ірі компаниялардың басшылары қатысқан жиын өткізуімен түйінделді.
Мемлекет басшысы АҚШ Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Бүгінде біздің елімізге америкалық инвесторлар жалпы көлемі 45 миллиард доллардан астам қаржы салған. Қазақстанда 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"2018 жылы Қазақстанға тікелей тартылған америкалық инвестициялар көлемі 5,3 миллиард долларға жетіп, жаңа рекорд орнатты. Ал өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 2,8 миллиард долларды құрады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы айтқан президент америкалық бизнесмендердің назарын ел дамуындағы үш маңызды мәселеге аударды. Олар: қолайлы инвестициялық ахуал, нарық пен коммуникацияны дамыту және адами капиталды нығайту.
Мемлекет басшысы америкалық серіктестерге Қазақстан үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заң үстемдігін, келісімшарттарға қол сұғылмауын және зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыс істеудегі басты мәселе тұрақтылық пен ашықтықты сақтау болып табылады.
Тағы оқыңыз: Белгілі экономист Тоқаевтың ұсынысын қолдамады
Әңгіме барысында Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және адами капитал салаларындағы әлеуеті туралы да айтылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне де жеке тоқталды.
"Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көлік хабы болып есептеледі. Трансконтиненталдық бағыттардың 70 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді", – деп атап өтті Қазақстан президенті.
Осы күні мемлекет басшысы тағы да бірқатар ірі халықаралық компанияның басшыларымен кездесу өткізді.