НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек — Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті.
Мемлекеттік дума делегациясы Қазақстанға елордада өтетін Еуразия парламенттері спикерлерінің отырысына қатысуға келді.
"Сіз екі елдің арасындағы қарым-қатынас бүгінгідей жоғары деңгейде болуы үшін көп еңбек еттіңіз", - деді Вячеслав Володин Нұрсұлтан Назарбаевқа.
Володин биылғы отырысқа былтырғыға қарағанда көбірек ел көңіл бөлгенін айтты.
"Саясат, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық тұрғысынан көршілер арасында осындай қатынас болуы тиіс", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еуразия парламенттері спикерлерінің төртінші отырысы 24 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтеді.
Парламенттік диалогтың бұндай форматының бастамашылары – Ресей және Корея парламентінің спикерлері.
Шараға 60 елдің парламентінің басшылары қатысады. Олардың қатарында 38 елден 39 спикер, 12 вице-спикер мен 13 халықаралық парламенттік ұйымның өкілдері бар. Отырыс тақырыбы – "Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік".