Қоғам

Министр демалыстағы заңсыз митингілер кезінде қанша адам ұсталғанын айтты

© Sputnik / Абзал КалиевНесанкционированный митинг в День столицы в Нур-Султане на проспекте Республики
Несанкционированный митинг в День столицы в Нур-Султане на проспекте Республики - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенбі, 21 қыркүйекте елдің бірнеше қаласында заңсыз митингілер өткен болатын. Ішкі істер министрі жүзге жуық адамның ұсталғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев демалыста бірнеше қалада өткен митинг кезінде 100 адамның ұсталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бас прокуратура заңсыз митингілер бойынша алдын ала ескерту жасаған болатын. Біз де хабарлама таратқанбыз. Осыған байланысты 21 қыркүйекте тиісті жерлерге полиция жасақтары қойылып, профилактикалық шаралар жүргізілді. Сол күні республика бойынша ішкі істер органдарына шамамен 100 адам жеткізілді", - деді Тұрғымбаев журналистерге берген сұқбатында.

Министрдің айтуынша, 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде тоғыз адам қамауға алынды, тағы алты адамға айыппұл салынды. Ал өзгелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін бәрін үйлеріне босатты.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде елордада өткен митингте кәмелеттік жасқа толмаған қыздың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ерлан Тұрғымбаев осыған қатысты түсініктеме берді.

"Ол 2000 жылы туған, оның кім екені анықталды. 19 жастағы қыз полиция жүрген жерде болды, құқық қорғаушылардың айтқанына бағынбады. Ал екі баласы бар келіншек - сол қыздың анасы. Ол бір қызын жоғалтып алды да, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады. Оны тауып, анасына тапсырды", - деді Тұрғымбаев.

Жалпы, заңсыз митингілер республика бойынша 7-8 қалада өткен.

Тағы оқыңыз: Митингіде полицейлерге гүл сыйлаған қыздың анасы мән-жайды түсіндірді

Ішкі істер министрі демалыс күндері болған митингте журналист қыздың ұсталғанын да айтып өтті.

"Журналист митинг болған жерде капюшон киіп алып жүрді. Сөйтіп, бәрін ұялы телефонға түсірді. Тәртіп сақшылары барлығын үйге тарауға үндегенде, журналист ешқайда кетпей, сол жерде жүрді. Оны ұстау кезінде арнайы жилеті пен аккредитациялық картасы болған жоқ", - деді Тұрғымбаев журналистерге.

Министрдің айтуынша, журналист автобустың ішінде ғана арнайы киім пен аккредитациясын көрсеткен. Полицейлер соның бәрін видеоға түсіріп алды.

"Бұл - тағы бір араңдатушылық әрекет. Сондықтан барлық журналистен полиция жүрген жерде аккредитациялық карта мен "пресса" деген жазуы бар жилет киіп жүруді сұраймын. Біз ол журналиске ескерту жасап, босаттық. Әкімшілік жазаға тартылған жоқ", - деді Тұрғымбаев.

Жаңалықтар
0