НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек - Sputnik. Арыс қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан арнайы жасақталған полигонда жарылыс болды, деп хабарлайды Қазақстанның қорғаныс министрлігі.
"21 қыркүйекте жоспарланған жару жұмыстары кезінде оқ-дәрі бөлшегі өздігінен жарылып кетті. Оқыс оқиға салдарынан контракт бойынша әскери қызмет етіп жүрген 10 арнайы даярланған саперге жарқыншақ тиіп жараланды", - делінген хабарламада.
Әскери қызметкерлер Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің далалық госпиталіне жатқызылған. Оларға қажетті медициналық көмек толыққанды көрсетіліп жатыр, деп мәлімет берді министрліктің баспасөз қызметі.
Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында шаралар жүргізіліп жатыр.