НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жалдамалы пәтерлерді тарату жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, биыл республика бойынша жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына 32,8 миллиард теңге қарастырылған. Осы ақшаға 6 мыңнан астам пәтер салу немесе дайын баспананы сатып алу жоспарланып отыр. Жалдамалы баспана жекеменшікке берілмейді, жалға алу құқығымен ғана таратылады.
"Биыл 6 мың пәтер беріледі деген жоспар болған. Бірақ оның саны артайын деп тұр. Қазірдің өзінде 2 813 жалдамалы баспана берілді. Жыл аяғына дейін осы санаттағы пәтерлердің санын 8 мыңға жеткіземіз деген ойымыз бар", - деді Өскенбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, жыл сайын орташа есеппен 6 мың жалдамалы пәтер салынса, 2025 жылға дейін осы санаттағы 40 мың баспананы таратуға болады. Осылайша, әкімдік кезегінде тұрған барлық көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамтамыз етуге мүмкіндік бар.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда көпбалалы аналарға арнайы квота бөлінеді
Айта кетейік, Қазақстанда жалдамалы пәтерлер бірнеше санат бойынша беріледі. Олар – табысы төмен көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағынан осал топтар және жұмыс істейтін жастар.
Жастар үшін бөлек бағдарлама бар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер таратылады. Сөйтіп, биылдан бастап жұмыс істейін жастарға әрбір қалада 1 000 пәтер беріледі. Бұған дейін осы бағдарламаның шарттары жарияланған болатын.