Қоғам

Аз ба, көп пе: Тоқаев жарты жылда не тындырып үлгерді?

© Sputnik / Владислав ВодневКасым-Жомарт Токаев сделал заявление перед журналистами после оглашения предварительных итогов выборов президента Казахстана. Пресс-конференцият в Акорде
Касым-Жомарт Токаев сделал заявление перед журналистами после оглашения предварительных итогов выборов президента Казахстана. Пресс-конференцият в Акорде - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алты айда белсенді президент ел ішін ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де сапарлап үлгерді. Бұған қоса, қазақстандықтарға алғашқы Жолдауын да жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті қызметіне кіріскеніне алты ай толды. Осы аралықта тындырылған істер аз емес. Sputnik Қазақстан мемлекет басшысының жұмысына шолу жасап, жарты жыл ішіндегі маңызды өзгерістерге тоқталғанды жөн көрді.

19 наурызда тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатты. Келесі күні ол кезде сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде мемлекет басшысы қызметіне кіріскен еді. Міне, содан бері Тоқаевтың ел тізгінін ұстағанына тура алты ай толып отыр.

Астана емес, Нұр-Сұлтан

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысын елорда атауын өзгертуден бастады. Халыққа ант бергеннен кейін ол Астананы Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынған болатын. Қазақстандықтар мұндай өзгерісті күтпеген еді, өкініштісі, халықтың пікірін ешкім елеген де жоқ.

23 наурызда Тоқаев Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды.

Тағы оқыңыз: Халыққа берген уәделерімді түгел орындаймын - Тоқаев

Жалақыны өсірді

Тоқаев қызметіне кіріскеннен кейін, көп ұзамай бір миллионнан аса қазақстандықтың жалақысы орташа есеппен 30%-ке өсті. Әу баста бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көтеру 1 шілдеге жоспарланған еді. Алайда мемлекет басшысы бұл процесті тездетіп, 1 маусымнан бастап көтеруді тапсырды.

Бұдан бөлек, тамыз конференциясында мұғалімдерді де бір қуантып тастады. Президенттің тапсырмасымен алдағы төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есеге көбейеді.

​Халықтың кредиті өтелді

Президенттің борыш жүктемесін азайту туралы жарлығы қазақстандықтарды жарылқағаны рас. Бәрін бірдей емес, әрине. Жеңілдікке іліккендердің қатарында көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар мен тағы басқа әлеуметтік осал топтағы азаматтар бар.

Үкіметтің есебінше, қарызы кешірілетін қазақстандықтардың саны 500 мыңнан асқан. Мемлекет олардың 300 мың теңге мөлшеріндегі қарызын өтеп берді.

Тағы оқыңыз: Кредит бойынша қарыздың кешірілгенін қалай білуге болады?

Бұдан бөлек, Тоқаевтың тапсырмасымен кепілсіз тұтынушылық кредит бойынша 1 миллионнан аса қазақстандықтың айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді.

Мораторий

Шілде айының басында мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жариялады. Бұл тыйым 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады.

Мораторий мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту және жеке секторды дамытуға жағдай жасау мақсатында енгізіліп отыр.

Тоқаевтың алғашқы жолдауы

2 қыркүйек күні Қазақстан президенті ел халқына алғашқы жолдауын арнады. Жолдау "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" деп аталды.

Президенттің жолдауында қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелер көрініс тапқан. Соның бірі – зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін баспана мен білімге жұмсауға рұқсат беру.

Қазір үкімет Тоқаевтың тапсырмасымен осы мәселені пысықтап жатыр.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың жолдауы: басты бес реформа - инфографика

Бұдан бөлек, президент шағын бизнеске де жеңілдік жасады, атап айтқанда, шағын және микробизнес үш жылға салықтан босатылды. Бейбіт митинг өткізуге рұқсат беруді тапсырды.

Сондай-ақ, зорлау, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстар үшін, әсіресе балаларға қарсы жасалған қылмыстар үшін жаза қатаңдайтын болды.

Арысқа сапар

Мемлекет басшысы жарты жылда Қазақстанның барлық дерлік өңірінде жұмыс сапарымен болды. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Десе де президенттің Арысқа сапары көптің есінде қалды. 24 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, қоймадағы оқ-дәрі жарылған еді. Қала халқы дереу көрші елді мекендерге эвакуацияланды. Тоқаев жағдайды өз көзімен көріп, арыстықтарды тыныштандыру үшін шұғыл қалаға ұшып келді.

Алты ай ішінде президенттің шетелдік сапарлары да аз болмады. Тоқаевтың мемлекет басшысы ретінде шетелге сапары Ресей мен Өзбекстаннан басталды.

3 сәуірде Қазақстан президенті Ресей басшысы Владимир Путиннің шақыруымен ресми сапармен Мәскеуге барды.

Ал 14-15 сәуір аралығында Тоқаев алғашқы мемлекеттік сапармен Өзбекстанда болды. Ташкентке мемлекет басшысын Өзбекстан президенті  Шавкат Мирзиёев шақырған болатын.

Бұдан бөлек, Қырғызстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысып, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен, Ауғанстан басшысы Мохаммад Ашраф Ганимен жеке кездесті.

11-12 қыркүйекте Тоқаев алғаш рет мемлекеттік сапармен Қытайда болды.

Сапар аясында президент ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен және Қытайдың бірқатар саяси және іскерлік тобымен келіссөз өткізді.

© AFP 2024 / MARK SCHIEFELBEINҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Аз ба, көп пе: Тоқаев жарты жылда не тындырып үлгерді? - Sputnik Қазақстан
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Айта кетерлігі, Тоқаев мемлекеттік сапар аясында жоспарланған кездесулердің барлығында баяндамасын қазақ тілінде жасады.

Сондай-ақ, Қазақстан президенті "Alibaba Group" компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен де кездесіп қайтты.

Ақжарқын Тұрлыбай да ұмыт қалмады

Бүгінде барша қазақ отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына алаңдап отырғаны жасырын емес. Осыдан бес жыл бұрын ұсталған ол әлі Қытай түрмесінде отыр.

Жуырда Ақжарқынның анасы Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазған еді.

Тағы оқыңыз: Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы қамкөңіл ананың өтінішін жерге тастамады. Қытайға мемлекеттік сапарында Тоқаев Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді. Бейжіңдегі кездесулерде президент Қытай тарапына өзінің жеке өтінішін жеткізіп, бұл мәселе жан-жақты талқыланған.

Халық пен билік арасындағы көпір

Ұлықтау рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен бұқара арасында көпір болатын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеді.

Кеңестің құрамына ел танитын қоғам қайраткерлері, отандық сарапшылар енді.

​Қыркүйек айының басында алғашқы отырысы өтіп, президент халықтың үнін естіді. Ұлттық кеңес мүшелері қазақстандықтарды мазалаған өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Айта кетсек, Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді. 

Шенеуніктерді желіге тартты

Қасым-Жомарт Тоқаев – әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы. Твиттер (@TokayevKZ) мен Instagram желісінде (tokayev_online) ресми парақшалары бар.

Тағы оқыңыз: Әлеуметтік желідегі Тоқаев туралы не білеміз?

Мемлекет басшысы қызметіне кіріскеннен кейін өңір әкімдері мен министрлерді де халықпен кері байланыс орнатуүшін желіде белсенді болуға шақырды. Президенттен үлгі алған шенеуніктер бірінен кейін бірі әлеуметтік желілерден ресми парақша ашып, халыққа біртабан жақындай түсті.

Жаңалықтар
0