НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек – Sputnik. "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 триллион 202 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаражаттың барлығы мәжілісте қарастырылып жатқан бюджет туралы заңда жазылған. Сондықтан тиісті ұсыныстар ұстаздар үшін жағымды жаңалық болады деп санаймын", - деді білім министрі Асхат Аймағамбетов мәжіліс кулуарында.
"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасының түсіндірме жазбасында құжатты іске асыру қанша қаржыны талап ететіні көрсетілген.
"Заң жобасын іске асыруға 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 1 202 053 580 000 теңге, оның ішінде 2020 жылы 214 307 301 000 теңге, 2021 жылы 410 868 734 000 теңге, 2022 жылы 576 877 545 000 теңге қажет", - делінген онда.
Айта кетсек, бүгін Аймағамбетов мәжілісте "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын таныстырды. Құжатты әзірлеу кезінде жұмыс тобы құрылып, құрамына жетпістен аса маман енген. Олар: практикамен айналысатын педагогтер, заңгерлер, ғалымдар, мектеп басшылары мен қалалық кәсіподақ өкілдері. Педагогтер мен жұртшылық тарапынан 8 мыңнан аса ұсыныс түсті.
Тағы оқыңыз: "Бүгінгі жүйе – қаскөй жүйе". Бекболат Тілеухен білім саласын сынға алды – видео
Жаңа заң жобасына сәйкес, келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 процентке ұлғаяды. Сондай-ақ, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есеге өсіріледі. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді.