Қоғам

Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты мәлімдеме жасады

© Photo : аккаунт Акжаркын Турлыбай в соцсетяхАкжаркын Турлыбай
Акжаркын Турлыбай - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын

НҰР-СҰЛТАН, 18 қыркүйек – Sputnik. Егер Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты айыптау үкімі шықса, Қазақстан қызды жазасын өз отанында өтеу үшін елге қайтару туралы сауал жолдайды. Бұл туралы бүгін бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ахметжанов Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша үкімге шағым түсірілгенін атап өтті.

"Қазақстан мен Қытай арасында сотталғандарды қайтару туралы екіжақты келісім бар. Біз Қытайдың сот төрелігінің соңғы шешімін күтеміз. Егер оны ақтаса, бұл өте жақсы болады. Егер соттап жіберсе, Ақжарқын да, біз де жазасын одан әрі өз отанында өтеу туралы сауал жолдауға құқылымыз", - деді ол мәжіліс кулуарында.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын. Президент Бейжіңдегі кездесулерде Қытай тарапына өзінің жеке өтінішін жеткізді.

Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді

Биыл 3 қыркүйекте Қытайдың Гуанчжоу қалалық сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша отырыс өтті. Отырыста қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық іс материалдары қаралды. Үкімнің қашан жарияланатыны белгісіз.

Ал 9 қыркүйекте отандасымыздың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазғаны хабарланды.

Жаңалықтар
0