НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысы Шамалған станциясында пойыз бен автобустың соқтығысуы салдарынан алдын ала деректер бойынша бір адам қаза болып, 9 адам зардап шеккен.
"Оқиға орнына қажетті көлемде жедел жәрдем көліктері мен тиісті сала басшылары жетті. Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев оқиға орнында. Жақын маңдағы ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", - деп мәлімет берді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктегілер қосымша ақпарат толықтырылып берілетінін айтты.
Сондай-ақ төтенже жағдайлар комитеті хабарлағандай, Шамалған станциясындағы апатқа байланысты Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел штаб құрды.
Айта кетсек, бүгін сағат 19:20 кезінде Алматы облысы Шамалған станциясында пойыз темір жол үстінде тұрған автобусқа соғылды.
Оқиғаның видеосына қарағанда автомобиль жолында көлік кептелісі болып, салдарынан автобус темір жол үстінде тұрып қалған сияқты.