Қоғам

"Ұйықтау үшін келген жоқпын": Нұрлан Әлімжанов өзін сынағандарға жауап берді

Жазылу
Жаңадан сайланған депутат бұл оның өміріндегі жаңа белес екенін атап өтіп, аз да болсын үлесін қосуды көздейтінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik, Арман Асқар. Парламент мәжілісінің жаңадан сайланған депутаты Нұрлан Әлімжанов осы жұмысқа не үшін келгенін айтты. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген жас депутат өзінің қызметін Елбасының рөлін ойнаумен байланыстырып, тасадан тас ататындарға да жауап берді.

Ең оңай жұмыс қандай?

"Депутат болу мен үшін жаңа бір белес, жаңа бір өзгеріс. Бұл өмірде әр жұмыстың қиыншылығы болады, жеңіл нәрсе жоқ. Мен бір нәрсені түсіндім, ең жеңіл нәрсе ол – "қаһарман" болып, пернатақтаны басу, сөйтіп біреуді даттау, біреуді айыптау. Ең оңайы сол екен. Ал мен осы уақытқа дейін біреуді даттаған емеспін", - дейді Әлімжанов.

Оның айтуынша, металлург, тракторшы, дәрігер, қойшы мен малшының еңбегін қадірлей білу керек. Өзі ауылда өскеннен кейін қойды да бақты, малды да жайлады. Сондықтан ағайын-туысқанның қадірін, көршінің, достың қадірін, ең бастысы, еңбектің қадірін білемін деп отыр. Бірақ халық арасында әртістерді бөліп қарайтын бір әдет бар. Олардың да еңбегін бағалау қажет.

"Бір күн болсын, анау сценарийді жаттап көрсін. "Қыз Жібек" немесе Шекспирдің үзіндісін жаттай алар ма екен? Театр болсын, кино болсын, әрбір актердің еңбегі орасан зор. Мысалы, сіз журналист ретінде келіп тұрсыз. Мен сіздің еңбегіңізді де бағалаймын. Журналистерге ешқашан "игнор" жасамаймын. Өйткені сіздер тұшымды жауап алуға тырысасыз. Ал мен тұшымды жауап беруім керек", - деп атап өтті Әлімжанов.

Алғашқы "премьера"

Жас депутат жаңа қызметтегі жұмысын жан-жақты зерттеп, мәжілістің ішкі "кухнясына" біртіндеп бойлап келеді. Мәселен, күні кеше ғана республикалық бюджет мәселесі қаралады. Осы талқылауға Нұрлан Әлімжанов та қатысып, өз әріптестерінің жұмысын көрді.

"Үш жылдық бюджет таныстырылған болатын. Біздің сөзімізбен айтқанда, "премьерасы", тұсаукесері болды. Мен әріптестерімнің жұмысын көріп, жақсы әсер алдым. Әрқайсысының бойында білімі де бар, біліктілігі де бар, оты да бар. Әрбір депутат генератор – қозғаушы күш сияқты. Министрге де, вице-министрге де өзекті сұрақ қойып, ортақ жұмысқа қан жүгіртті. Жағадан алмаса да, сөзбен жерден алып, жерге салды. Мен оларға өте риза болдым. Сырттан түк бітірмей жатқан сияқты көрінеді. Бірақ олай емес", - деді Әлімжанов.

Тағы оқыңыз: Мәжілістің жаңа депутаты Нұрлан Әлімжанов ант беруге келген жоқ

Нұрлан Әлімжанов шығармашылықтан кол үзбейтінін жеткізді. Алайда шоу-бизнестен кететінін мәлімдеді.

"Шоу-бизнестің ішінде жүремін деп айта алмаймын. Әрине, одан біз қол үземіз. Концерттен концерт жасаймын деп те айта алмаймын. Иә, шығармашылықтан қол үзбеймін. Жылына бір рет жазда киноға түсуге қарсы емеспін. Себебі бізде екі айлық каникул болады. Осылайша, шығармашылықтан қол үзбеуге болады. Ал, енді, осы жерге Nur Otan фракциясының атынан сайланғаннан кейін абыроймен еңбек атқаруым қажет", - дейді Әлімжанов.

Запастағы кандидат

Әртіс 10 жылдан бері Nur Otan-ның мүшесі екенін, осы ұйымның ішкі және сыртқы жұмысын білетінін және партияның басшылығы жариялаған барлық бағдарламаға қатысып жүргенін айтты.

"2016 жылы депутаттарды сайлау науқанында бірге болғанбыз. Сол жерде сайлауға түскенмін. Былайша айтқанда, мен 2016 жылдан бері запастағы кандидатпын. Енді, міне, 2019 жылы Nur Otan фракциясы атынан сайланып отырмын. Арада үш жыл да өтті. Сол кезде сайланбадым. Өйткені жұмыстарым болды, киноларым болды, жеке өмірдегі шаруаларым болды. Сол себепті ол кезде келмедім. "Сабақты ине сәтімен" дейді ғой. Міне, уақытымыз келді", - дейді Әлімжанов.

Нұрлан Әлімжанов 35 жаста. Осы орайда ол қазақтың "отызда орда бұзбаған, қырқында қамал алмас" деген мәтелін де еске алды.

"Біреулер жассың дейді. Сонда 60-80 жасқа келіп, басқарамыз ба? Қарасаң, біреулер жастар келсін дейді, енді біреулер жастар келгенде тым жассың дейді. Былай қарасаң, қанша адам болса, сонша ой-пікір бар екен. Мен бұл жерге қара басымның мүддесі үшін, әдеттегі әртістігімізге салып, сахнадағы қошеметті алу үшін келген жоқпын. Мен еңбек ету үшін келдім. Мен халықтың сөзін сөйлейтін азаматпын. Бұл жерге қалғып-шұлғып ұйықтау үшін келген жоқпын ", - деп атап көрсетті Әлімжанов.

Әлімжанов ант беруге неге келмеді?

Жаңадан тағайындалған депутат осы қызметте қандай мәселелерді көтеретінін айтып берді.

"Парламентте 7 комитет бар. Соның ішінде менің жанымы жақыны ол – әлеуметтік-мәдени сала. Әркім қолынан келгенін істеу керек қой. Ал менің қолымнан келеді. Себебі өзім – мәдениеттің өкілімін. Кино саласын білемін, театр да менің әлемім, ол жерде 8 жылдай қызмет еттім. Авторлар қоғамы бар. Қаншама композиторлардың еңбекақысы дұрыс төленбей жатыр. Жастар мәселесі бар. Тікелей үкіметке қоятын сұрақтар көп", - дейді Әлімжанов.

Депутат 2 қыркүйек күні ант беруге неге келмегенін түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, ол кезде әлі мандат берілген жоқ. Ал орталық сайлау комиссиясының мандатын алмаған депутат мәжілістің отырысына қатыса алмайды.

"Ол кезде Бақтияр Мәкен деген әріптесіміз болды. Сол кісі заң жүзінде өзінің депутаттық мандатын тапсыру керек еді. Әріптестерімен қоштасты. Содан бір аптадан кейін сәрсенбінің сәтті күні мен әріптестерімнің алдында ант бердім", - дейді Әлімжанов.

"Қылмыскер сияқты көреді..."

Сөз соңында Нұрлан Әлімжанов өзінің депутаттық қызметін Елбасының рөлін ойнаумен байланыстыратын адамдарға жауап берді.

"Иә, киноэпопеяда Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ойнадым. Онымен қылмыс жасадым ба? Ол – менің өнерім. Кейбіреулер Елбасын ойнадым дегенді қылмыскер сияқты көреді. Мен 30 жылдың ішінде егемен елімізді жоғары деңгейге жеткізген Елбасымыздың рөлін сомдадым. Ол - менің өмірімдегі бір белес, актер Нұрлан үшін бір рөл", - деп атап көрсетті Әлімжанов.

Ол осы күнге дейін жылқышы, бұзақы тентек, қарапайым көлік жөндеуші, тіпті ауылда ішіп кеткен жігіттің рөлін де сомдағанын еске салды. Гитлердің образы келсе, оны да ойнауға дайын. Одан актер Гитлер болып қалмайды. Оның ойынша, тасадан тас ататындар ортақ мүддені ойламайды.

"Бұл – халық емес. Нағыз халық – ол бейбітшілікті қалайтын халық, ол тілеулес, ол қашанда заманның тыныштығын қалайды. Сол полиция, сол президент, сол актер бір ата-ананың баласы. "Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос" дейді ғой. Жауыр болса да, Абай атамыз осыны айтып кеткен ғой", - дейді жас депутат.

Оның айтуынша, бізге заманның тыныштығы керек. Ал мемлекет революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен өсуі керек. Себебі бүгін найза алып, аттанатын заман емес. Президенттің сайланғанына көп болмаса да, біраз шаруа қолға алынды. Енді ол да теңізге қосқан бір тамшыдай, қарлығаш қанатымен су сепкендей өзінің бір үлесін қосуды көздейді.

Тағы оқыңыз: "Сіздер болмасаңыздар...": Әйтімованың сөзі депутаттарды ду күлдірді

"Атадан қалған бір сөз бар. "Бір сұңқар жарқ етіп шықса, жүз қарға қарқ етіп қаралайды" дейді. Сол әдетімізді қойсақ, оңаламыз. Біз бір-бірімізге тілеулес болып, қолдау көрсетсек, жақсы емес пе? Мысалы, бәлкім, Алла тағала қаралап жазатын адамның бағын ашып, бір күні өзін де осы жерге алып келер. Сол кезде ол әр жұмыстың қиыншылығын түсінеді", - деп түйіндеді ол.

Жаңалықтар
0