НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Парламент сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Палестинаның Қазақстандағы елшісі Монтасер Абу Зейдпен "Теңіздегі" қақтығысты талқылады.
Теңіздегі төбелес: полицейлер басты күдіктіні ұстады
Назарбаеваның пікірінше, шетелдік азаматтар Қазақстан заңнамасын сақтауы, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін құрметтеуі қажет.
Сонымен қатар сенат төрағасы Қазақстан Таяу Шығыстағы өзекті мәселелерді бейбіт жолмен шешуді жақтап келе жатқанын атап өтті.
"Еліміз Палестинаны әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тезірек оңалтуға бағытталған халықаралық қоғамдастықтың гуманитарлық акцияларын қолдайды", - деп мәлімдеді ол.
Ал елші халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатқаны үшін алғысын білдірді.
Абу Зейд сауда-экономика ынтымақтастығын дамыту жайлы айта келіп, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болатын көп салалы "Абу-Даби Плаза" кешенінің құрылысы туралы ақпарат берді. Оның мәліметінше, қазірге дейін 76 қабаты салынды, қазан айының соңында "Sheraton" қонақ үйі пайдалануға берілмек.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, Палестина азаматтары үшін виза тәртібін жеңілдету мүмкіндіктерін талқылады. Мәселелерді пысықтау үшін мекемеаралық комиссия құрылды.