НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда парақорлық жиі тіркелетін өңірлер анықталды. Бұл туралы Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Шиян айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
23 миллион теңге жұмсалды
Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры 2019 жылдың мамырынан тамыздың соңына дейін "Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайы" атты зерттеу жұмысын жүргізді. Оған 23 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Тағы оқыңыз: Шпекбаев сыбайлас жемқорлық қылмысын кімдер көп жасайтынын айтты
"Біздің ұйым Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасынан грант ұтып алды. Нәтижесінде осы көлемді зерттеу жұмысын жүргіздік. 3 республикалық маңызы бар қалада, 14 облыс орталығында, 163 ауданда болдық. Сауалнамаға жалпы 9 мың адам: 7 мыңнан астам тұрғын және шамамен 2 мың кәсіпкер қатысты", - деді Ольга Шиян елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингтен соң.
Пара беруге басты себеп не?
Оның айтуынша, зерттеу жұмысы барысында тұрғындар мен кәсіпкерлердің не үшін пара беретіні анықталған.
"Сауалнаманы 35 күн жүргіздік. Ақпаратты өңдеуге сонша уақыт кетті. Жалпы зерттеу жұмысына 90 күн жұмсалды. Қорытындыға сәйкес, қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлер әуре-сарсаңға түспей, бір мәселені тез шешу үшін және мемлекеттік қызметті тез алғысы келетіндіктен пара береді екен. Бұл – негізгі фактор. Мұны тұрғындар мен кәсіпкерлер айтты", - деді ол.
Ольга Шиян қосымша факторларға мемлекеттік қызметкердің өз қызметін асыра пайдалануы, мәселені шешуді әдейі кейінге қалдыруы және тағы басқа факторлар әсер ететінін жеткізді. Алайда ол мемлекеттік қызметті алу адамдарды пара беруге итермелемейтінін айтты.
Параның орташа көлемі қандай
Сонымен қатар директор қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлердің қанша теңге көлемінде пара беретініне тоқталды.
"Параның орташа көлемі қарапайым тұрғындар арасында – 30 және 55 мың теңге. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 70%-і ақшаға келісетінін айтты. Ал қалғандары пара ретінде кәмпит, гүл және сувенирлер берген. Тұрғындар арасында параның төменгі құны 500 теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін жеткен. Кәсіпкерлер арасында параның орташа көлемі – 70 мың теңге. Мұнда да олар 70% жағдай мәселені тезірек шешу үшін ақша берген. Қалған жағдайда сыйлық емес, басқа қызмет түрін көрсеткен. Бизнесмендер көп жағдайда параны құжат рәсімдеу үшін беріпті", - дейді Шиян.
Парақорлық жиі тіркелетін облыстар
Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры бұл мәселеде 3 тараптың көзқарасы ескерілгенін жеке атап өтті.
"Мен парақорлық жиі тіркелелін "үздік" 3 облысқа тоқталайын. Қарапайым тұрғындардың пікірінше, ол – Жамбыл, Атырау, Алматы облыстары. Кәсіпкерлердің айтуынша, ол – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары. Сондай-ақ біз ұйымға түскен шағымдарды да зерттедік. Ол бойынша Қызылорда, Алматы, Атырау облыстары парақорлық жиі тіркелетін өңірге кірді", - деп түйіндеді сөзін Ольга Шиян.