НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары қарсаңында Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары 11-12 қыркүйекке жоспарланған.
"Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастарының даму перспективаларына қатысты өзінің ой-пікірімен бөлісті. Күн тәртібіндегі екіжақты мәселелерден бөлек, қытайлық журналистерді Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі халықаралық қатынастардағы Қытайдың рөліне, ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы жетістіктеріне берген бағасы аса қатты қызықтырды. Сондай-ақ, президент өзге де жеке мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді", - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Сұхбат CCTV телеарнасының эфирінен көрсетіледі.
Сондай-ақ Тоқаев Қытайдың 70 жылдық мерейтойына орай құттықтау жазып қалдырды.
"Ұлы Қытай Халық Республикасына үлкен табыстар тілеймін", - деп жазды президент.