НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек — Sputnik. Астаналық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин өзі еден жуып, эстафетаны өзге басшыларға жолдады.
"Соңғы күндері елордалық мектептерде былтырдан жүзеге асырылып жатқан бастамаға қатысты көптеген пікірталас туындауда. Өткен жылдан бері кейбір мектепте оқушылар еден жууға көмектесе бастаған болатын", - деп жазды Жанғозин әлеуметтік желіде.
Басқарма жетекшісі бұл жаңашылдықтан шет қалмай күн сайын кешке қызметкерлерге кабинет жинауға көмектесуді шешкен. Жанғозин бұл 15-20 минут қана уақыт алатынын айтты.
"Бүгін #өзіңненбаста эстафетасына бастама бере отырып, елордалық білім беру ұйымдарының басшыларын біздің балаларымызға бұл жұмыстың қиын және ұят емес екенін көрсетуге шақырамын", - деді Әнуар Жанғозин әріптестеріне.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде астаналық мектептердің бірінде сабақтан кейін балалардың еден жуатыны туралы ақпарат тараған болатын. Бірі бұл жаңашылдықты қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсы.
Тағы оқыңыз: "Маған қысым көрсетті": білім министрлігінде тағы да шу шықты
Жанғозин бұл бастаманы түсіндірді.
"Бұл әр оқушы еден жуу керек деген сөз емес, осыны бірден атап өткім келеді. Бастама асханада ыдыстарын жуатын жерге апару немесе сабақтан кейін жұмыс орнын таза ұстау, кейбір жағдайда сыныптар мен дәліздерді жинауға көмектесу сияқты жұмыстар. Бұл біздің балаларымыздың бойында басқа адамдардың еңбегін құрметтеу және қоршаған ортаға күтіммен қарау дағдыларын дамыту үшін жасалады. Әрине, балалардың қалауы бойынша ғана іске асатын шаралар екенін ескертеміз", - деп жазды білім басқармасының басшысы.
Бұған дейін қазақстандық адвокат Жангелді Сүлейменов оқушыларға еден жууға тыйым салуды талап еткен болатын. Ол бұл талап орындалмаса, білім басқармасын сотқа беремін деп отыр.