Экономика

Мемлекет қарызын өтегендерге қайта кредит беріле ме?

© Sputnik / Владимир Трефилов / Медиабанкке өтуАқша, архивнтегі фото
Ақша, архивнтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кредит тарихында 300 мың теңгенің мемлекет тарапынан өтелгені көрініп тұрады

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық банк мұқтаж адамдардың кредитін өтеу шарасынан кейін тағы кредит алу мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзіне қарағанда, акция аясында адамның кредиті мемлекет тарапынан өтелсе де, оның кредит тарихы бұзылмайды.

Тағы оқыңыз: Кредит бойынша қарыздың кешірілгенін қалай білуге болады? 

"Әрине, әрбір адам кредит тарихын өзі бақылап отыруы тиіс. Қарыздың өтеу мерзімін өткізбей, қарызын өндіріп алуға дейін жеткізбеуі керек. Осындайда кредит тарихы бұзылады. Ал мемлекет тарапынан кредитті өтеу шарасы оған кері әсерін тигізбейді. 300 мың теңге кешіріледі, болды және алдағы уақытта тағы кредит алуға кедергі болмайды", - деді Смоляков журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, кредит тарихында 300 мың теңгенің мемлекет тарапынан өтелгені көрініп тұрады. Банктер де оны біледі. Бірақ тағы кредит алуға тыйым салынбайды.   

"Бұл жерде "қара тізім" туралы әңгіме қозғамай-ақ қояйық. Себебі президенттің жарлығы аясында үшінші тарап кредитті өтеп беріп отыр. Сондықтан ондай шара алдағы уақытта кредит алуға кедергі жасамайды", - деп атап көрсетті Смоляков.

Айта кетейік, президенттің жарлығына сәйкес, кредиттің 300 мың теңгесі мен оған жазылған өсімпұлдарды кешірудің нақты талаптары бар. Қарыздың жалпы сомасы 3 миллионнан аспауы керек. Ал қарызы кешірілетін азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асырушысынан айырылғандар және атаулы әлеуметтік көмекті алатындар кіреді.

Бүгінде кредиті кешірілетін адамдардың тізімі электронды үкімет порталында бар. Сол жерде электронды-цифрлық қолтаңба арқылы кез келген адам тізімде бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ, "111" байланыс орталығына хабарласып, қажетті ақыл-кеңес алуға мүмкіндік бар.

Жаңалықтар
0