Қоғам

"Әлі де кеш емес": министрлік кредиті өтелетіндердің қосымша тізімі туралы айтты

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги в руках, архивное фото
Деньги в руках, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандықтар кредиті өтелетіндер қатарына жататынын дәлелдесе, қосымша тізімге енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кредитті өтеу акциясының мерзіміне қатысты ақпаратты жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министр Светлана Жақыпованың айтуынша, 2008 жылдан бастап республика бойынша неке туралы мәліметтер ақпараттық базаға енгізілген болатын. Оған дейін барлық ақпарат қағаз жүзінде сақталған. Соның салдарынан бүгінде кейбір адамдардың мәліметі ақпараттық базадан шықпай жатады. Ондай адамдар кредитті кешіру шарасынан тыс қалып отыр.

"Сондықтан осы мәліметті алдымен әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізу керек. Ол ақпарат біздің министрлікке автоматты түрде келеді. Біз оны тізімге қосып, борышын өтеу туралы ақпаратты ұлттық банкке жібереміз. Әлі де кеш емес. Қосымша тізім жасалады", - деді Жақыпова астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, кредитті кешіру акциясы - бір реттік шара. Дегенмен, оның нақты мерзімі жоқ.

"Азаматтар жылдың соңында құжат тапсырып, кредиті өтелетіндердің қатарына жататынын дәлелдесе, қосымша тізім жасалады. Қазақстандықтар ақпараттық жүйеге мәліметтерін енгізуі тиіс.  Қосымша тізімдер ұлттық банкке жіберіліп, берешек өтеледі, Әрине, осының бәрі ертерек жасалса, құба-құп", - деп атап көрсетті Жақыпова.

Вице-министр кредиті өтелген азаматтар туралы ақпараттың сақталатынын жеткізді. Соның арқасында кредитті мемлекет есебінен екінші рет өтеуге жол берілмейді.

Тағы оқыңыз: Банктің "қара тізіміне" енгендер үшін жақсы жаңалық шықты

Айта кетейік, президенттің жарлығына сәйкес, кредиттің 300 мың теңгесі мен оған жазылған өсімпұлдарды кешірудің нақты талаптары бар. Қарыздың жалпы сомасы 3 миллионнан аспауы керек. Ал қарызы кешірілетін азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асырушысынан айырылғандар және атаулы әлеуметтік көмекті алатындар кіреді.

Бүгінде кредиті кешірілетін адамдардың тізімі электронды үкімет порталында бар. Сол жерде электронды-цифрлық қолтаңба арқылы кез келген адам тізімде бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ, "111" байланыс орталығына хабарласып, кеңес алуға мүмкіндік бар.

Жаңалықтар
0