НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан қарыз алған елдердің тізімін жасауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Дүние жүзінде Қазақстаннан басқа да мемлекеттер бар ғой, көрші елдер бар. Менің ұсынысым – Қазақстан көршілерден қанша қарыз алдық, қанша өндіріс ашылды, осының нақты үлкен реестрін жасауымыз керек. Бұл сыртқы экономикалық қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды деп есептеймін",- деді Тайжан ұлттық кеңестің отырысында.
Ол Қазақстан экономикасының неге дамымай отырғанын айтты.
"Біздің ойымызша, ол мемлекеттің кінәсі деп айтуға болады. Өйткені мемлекет экономиканы өте қатал жағдайда ұстап тұр. Қазақстан экономикасында мемлекеттің үлесі, рөлі тым үлкен. Сондықтан мұны азайту керек. Сонда ғана жеке сектор дамиды, жаңа жұмыс орындары пайда болады", - деді экономист.
Тайжанның пікірінше, елде квазимемлекеттік немесе мемлекеттік секторды жаппай азайту қажет.
"Әлбетте, бұл өте күрделі үрдіс. Квазимемлекеттік компаниялар өз-өзін қысқарта алмайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл процесті қоғамдық белсенділер, Ұлттық кеңес мүшелері бақылауға алуы тиіс деп санаймын", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Тоқаев халықтың Қытайға қарсы наразылығы туралы не ойлайтынын айтты
Кеңес мүшесі әр саладағы монополияларға да тоқталды.
"Экономикамызда жасанды монополия көп. Қай саланы алсақ та, қажет емес монополиялар бар. Олар бағаны ұстап тұрады, салдарынан инфляция жоғары болады. Шағын бизнеске және фирмаларға орын болмайды. Жұмыссыздық көбейеді", - деді Тайжан.
Ол экономиканы дамыту үшін сот жүйесі мықты, тәуелсіз әрі кәсіби болуы керек екенін атап өтті.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кеңес биыл маусымда Тоқаевтың жарлығымен құрылған болатын.