Қоғам

Тоқаев Арыс қаһармандарын атады

© Sputnik / Абзал КалиевКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы сын сағатта сабырлық танытып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білген азаматтарды марапаттады

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік награда тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды. Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен елдің рухы түскен жоқ. Әрине, ең өкініштісі, жарылыс салдарынан бірнеше азаматымыз қаза тапты", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, сын сағатта біраз азамат сабырлық танытып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білді.

© Sputnik / Абзал КалиевПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Арысты қалпына келтіргендерге мемлекеттік награда тапсырды
Тоқаев Арыс қаһармандарын атады - Sputnik Қазақстан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арысты қалпына келтіргендерге мемлекеттік награда тапсырды

"Мысалы, көлік жүргізушісі Асқар Әбдіхалықов "Лидер" балабақшасындағы 70 баланы қатерден құтқарды. Ал медбике Күмісай Тұманова ауруханада емделіп жатқан балаларды қауіпсіз аймаққа жеткізді. Олар сол сәтте өздерінің өміріне де қауіп келерін ойламастан тәуекелге бас тікті. Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтамын", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Бұдан бөлек, президент аға сержант Нұржан Бақтыбайдың ерлігін ерекше атап өтті. Ол өрттің салдарын жою кезінде батыл әрекет етті. Соның арқасында біраз адам аман қалды.

"Ондай адамдар көп. Әрбіреуі ерлік мен табандылық таныта білді. Ал бапкер әрі оқытушы Евгений Хисметов Қарағанды облысынан өз еркімен келді. Ол бірнеше учаскеде жұмыс істеді. Гуманитарлық көмек таратты, құрылыс жұмыстарын атқарды. Сөйтіп, жүздеген еріктімен бірге қаланы қалпына келтіруге өз үлесін қосты", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, кәсіпкер Берік Қаниевтің ақшасына қаланың тұтас бір көшесі жөнделді. Осындай патриоттық мысалдар баршылық.

"Арысты қалпына келтіруге 10 мыңға жуық адам мен 250 компания атсалысты.  300 арнайы техника тартылды. Бүгінде нысандардың 97 проценті аяқталды. Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің басшылығындағы Түркістан облыстық әкімдігінінің қызметкерлеріне, ардагерлерге, дәрігерлерге, әскери қызметкерге алғыс айтқым келеді. Асқар Ұзақбайұлы Мамин бастаған үкімет біраз шаруа жасап шықты ", -  дейді Тоқаев.

Осыдан кейін Арыс қаласын қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарға II және III дәрежелі "Айбын" мен "Құрмет" ордендерін, "Ерлігі үшін", "Жауынгерлік ерлігі үшін" және "Шапағат" медальдары табысталды. Олардың ішінде әскери азаматтар, дәрігерлер, кәсіпкерлер мен еріктілер бар.

"Осы залда отырғандардың барлығы – нағыз қаһармандар. Залдан тыс қалған азаматтарға да ордендер мен медальдар тапсырылады", - деді президент.

Жаңалықтар
0