НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Жер шетелдіктерге сатылмауы керек және жалға да берілмеуі керек. Бұл туралы бүгін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халықтың көкейінде жатқан тілек – жерді шетелдіктерге жалға бермеу. Ал жекеменшікке, тіпті, өз азаматтарымызға да сатпауымыз керек. Сонда ғана біз халықтың тілегін орындай аламыз. Жер ешкімге сатылмасын және шетелдіктерге, тіпті, жалға да берілмесін", - деп қадап айтты Тайжан ұлттық кеңестің отырысында.
Оның пікірінше, бос жатқан жерлерді анықтау үшін космомониторингке жүгіну керек.
"Бұған бюджеттен ақша да керек емес, технологиялар бар. Тек спутниктен алған ақпаратты заңдастыруымыз керек. Ол өте оңай, бұған ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы ғана керек", - деді Тайжан.
Мұхтар Тайжан: Дариға Назарбаева Жер туралы заңға қарсы шықты
Кеңес мүшесінің ойынша, космомониторингтен алынатын ақпарат жемқорлыққа тосқауыл қояды.
"Жасыратыны жоқ, латифундистер деген кім? Ол жергілікті биліктің туыстары, сыныптастары, жекжаты дегендей. Егер біз космомониторингті пайдалансақ, адами факторды жойып, объективті ақпарат аламыз", - деді ол.
Тайжан латифундизмге қарсы тағы бір шара – бірыңғай аграрлық салық енгізу екенін атап өтті.
"Қазір жер алған адам салық төлемейді деп айтуға болады. Өйткені жылына бір гектарына 37 теңге ғана салық төлеп отырады. Былайша айтқанда, тегін алынған жер. Ал егер фермер жермен айналысатын болса, қосымша жеті-сегіз салық төлеуі тиіс. Яғни, қазір жерді пайдалану тиімсіз болып отыр. Біз мұны тоқтатуымыз керек", - деді кеңес мүшесі.
Ол азаматтарды жерді алған сәттен бастап салық төлеуге міндеттеу керек деп санайды.
"Сонда ғана бос жатқан жер тиімсіз болады. Жермен айналысуға немесе мемлекетке қайтаруға мәжбүр боласың", - деді Тайжан.