НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек — Sputnik. Шымкент тұрғынына шабуыл жасаған такси жүргізушінің кім екені әлі анықталған жоқ, деп хабарлайды полиция департаменті.
"Қазір күдіктінің кім екенін анықтау үшін жедел іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған", - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Полицейлердің айтуынша, бұл дерек 27 тамызда сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 120-бабы 1-бөлімі бойынша тіркелген.
Тағы оқыңыз: Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды?
Шымкентте такси жүргізушісі қызды зорлағаны туралы "НеМолчиKZ" қозғалысының негізін қалаушы Дина Смайылова айтып берді. Ол жәбірленушінің көптеген жарақат алғанын дәлелдейтін суреттерді қоса жариялап, әлеуметтік желіде пост жазған.
"Қыз құрбыларымен бірге дәмханада туған күнін атап өткен, кеш біткен соң оны сол дәмхананың жанында тұрған таксилердің біріне отырғызып жібереді", - деп атап өтті ол.
Смайылованың айтуынша, таксист қызды аямай ұрып-соғып, зорлап тастаған.
Қоғам белсендісі құқыққорғаушылардың күдіктіні бірнеше күннен бері таба алмай жатқанына назар аударды. Оның сөзіне сүйенсек, сол ауданда бақылау камералары өте көп көрінеді.
Тағы оқыңыз: Видеоға түсіріп, бопсалаған: Шымкентте оқушы қызды сыныптастары зорлап тастады
Сондай-ақ Дина Смайылова медбикенің де зорлыққа ұшырағанын жазды. Оның айтуынша, әйелді жұмыс орнында дәрігер әріптесі зорлап тастаған. Полиция бұл деректі растап, ер адамның ұсталғанын жеткізді.
"Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 120-бабы 1-бөлімі және 121-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеулер барысында күдікті ұсталды. Айыптау актісімен бірге қылмыстық іс әл-Фараби ауданының прокуратурасына жіберілген", - деп түсініктеме берді Шымкенттің полиция департаменті.
Атап өтсек, қылмысты ауырлататын жағдайлар болмаса, Қылмыстық кодекстің 120-бабына сәйкес қылмыскер зорлау үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, алайда кейінгі кездері екі жақтың бітімге келуі, сондай-ақ зорлықшының шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуы жиі кездеседі.