НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әкімшілік полицияның жұмысын қайта ұйымдастыруды тапсырған. Сарапшылар осы бастамадан қандай нәтиже күтетінін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент директоры Данияр Сабырбаевтың айтуынша, ішкі істер органдарына түбегейлі реформа қажет. Бүгінде халық оны жазалаушы орган ретінде қабылдайды. Ал президент полицияны халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызмет көрсетуші органға айналдыруды тапсырды.
"Мен өзім Грузияның тәжірибесін жақсы білемін. Сол елде болғанда Батуми қаласынан Тбилисиге дейін көлікпен жүріп көрдік. Сонда жолда тоқтап, таза ауада тұрғанда бізге жарты сағаттың ішінде полиция екі рет келіп кетті. Барлығы қал-жағдайымызды сұраумен болды. Бір қызығы, қызмет көрсетуші орган деп отырмыз ғой, Грузияда көлік жолдың жиегінде тұрса, полиция барып, қал-жағдайды білуге міндетті. Тіпті, жүксалғышқа бір канистра бензинді салып жүреді. Біреудің бензині бітіп қалса, соны құйып береді екен", - деді Сабырбаев ішкі істер органдарын реформалауға арналған жиында.
Оның сөзіне қарағанда, көлік жүргізушінің дөңгелегі жарылса да, грузин полициясы көмектесіп, шина жөндеу орталығына дейін апаруға міндетті. Осылайша, полицияның қызмет көрсетуші образы қалыптасады.
"Енді, олар алдымен кеңестік жүйеден қалған заңнамадан бас тартты. Оны толығымен ауыстырып тастады. Одан кейін штатты өзгертті. Бас кезінде полицияда 66 мың қызметкер болса, реформаның ортасында 25 мың қызметкер қалды. Бір қызығы, қылмыс 10 есеге азайған",- дейді Сабырбаев.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында полицияның қазіргі образы артта қалатынын айтқан болатын. Ол үшін осы құрылым халыққа қызмет көрсетуші органға айналуы тиіс. Бірінші кезеңде 2020 жылдың аяғына дейін ішкі істер министрлігі құрамындағы әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру тапсырмасы берілді.
Жалпы, үш жылдың ішінде ішкі істер органдарының реформасына 173 миллиард теңге жұмсалады. Осы қаражат полицияның жалақысын көтеруге, баспананы жалға алуға және тағы басқа шараларға бағытталады.