НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек - Sputnik. Танымал қазақ әншісі Қарақат Әбілдина жұбайы Қыдырәлі Болмановтың ҚР мәдениет министрінің кеңесшісі болуына қатысты Instagram-дағы жеке парақшасында пікір білдірді.
"Қыдекеңнің еңбекқорлығын менен жақсы білетін адам жоқ шығар. Мәдениет саласында жүргенде жарғақ құлағы жастыққа тимей күн, түн демей беріліп істейтін жұмысын. Біраздан бері мәдениет саласынан алыстап кетіп еді", - дейді Қарақат постында.
Алайда продюсердің жары Қыдырәлі Болмановтың не себепті мәдениет саласынан алшақтап кеткенін ашып айтпай, "ол енді ұзақ әңгіме" деп құпия сақтауды жөн көрді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Халықтың арасынан "Қыдекең неге жауапкершілігі бар жұмыстарға бармайды?" деген пікірлерді естіп те жүрміз, әлеуметтік желіден өздеріңіз де оқып жүрсіздер. Қыдекеңе мұндай қызмет таңсық емес қой. Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқты мегаполистердің мәдениетін басқарып тұрғанда қандай үлкен іс шараларды абыроймен атқарғанын көпшілік біліп отыр. Ұлытаудың әлемдік деңгейге көтерілгені де Қыдекеңнің еңбегі! Біреу біліп, біреу білмес - менің мектебімдегі жас жеткіншектерден ұлттық аспаптармен оркестер құру және оны барлық облыста жалғастыру да Қыдекенің идеясы!" - деп жалғастырды ол.
Тағы оқыңыз: Қыдырәлі мен Қарақат өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарды
Әрі қарай Қарақат Әбілдина осы бір жауапкершілігі мол қызметті мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі шақырып алып ұсынғанын, Қыдырәлі Болманов бірден қабыл алғанын атап өтті.
"Алланың қорғауымен, алаштың қолдауымен азаматымыз алға шығып жатса, қалай қуанбайық? Бұл қызметтің атағы емес абыройы маңызды! Барлық жанашырлымызға мың алғыс!" - деп сөзін аяқтады әнші.
Айта кетсек, жұлдызды жұп Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болмановтың отасқанына 20 жыл толған, осы уақыт аралығында 5 баласы өмірге келді. Төрт ұлдың артынан 2017 жылы сүйкімді қыздары жарық дүние есігін ашып, ата-анасын бақытқа бөлеген.