НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Үкімет әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында "Эйр Астана" және "Qazaq Air" компанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қасымбек әуе билеттерінің қымбаттығына әуе кемелерінің жетіспеушілігі себеп болып отырғанын атап өтті.
"Осыған байланысты үкімет "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры"АҚ-мен бірлесіп, әуе кемелерінің паркін ұлғайту үшін "Эйр Астана" және "Qazaq Air" компанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр", - деді ол үкімет отырысында.
Вице-премьер тариф құнын түсіру мақсатында биыл көктемде алғашқы отандық төмен бюджетті Fly Arystan әуе компаниясы іске қосылғанын айтты. Жыл соңына дейін әуе компаниясы орындайтын рейстер санын күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Қасымбек теміржол билеттерінің жетіспеушілігі мәселесіне де тоқталды.
Тағы оқыңыз: Билет алып, ұшаққа отырмаған жігіт сотталуы мүмкін
"Жетіспеушіліктің алдын алу мақсатында билеттерді сату процесі цифрландырылуда. Билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізіледі. Биылдан бастап "Қазақстан теміржолы" компаниясы жыл сайын 100-ден аса жаңа жолаушы вагонын сатып алатын болады", - деді ол.
Айта кетсек, кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әуе билеттерінің тым қымбат екенін айтып, мәселені қарауды тапсырған еді.