НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл - ең алдымен кітапхана, музей мен театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды", - деді Тоқаев алғашқы жолдауында.
Оның айтуынша, қазіргі жағдай мәдениет қызметкерлерінің беделін түсіріп отыр. Ал, ең бастысы, осы салаға лайықты мамандар келмейді.
"Келесі жылдан бастап үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек", - деп атап көрсетті президент.