Қоғам

"Маған қысым көрсетті": білім министрлігінде тағы да шу шықты

© Sputnik / Рамиль СитдиковПапки с документами, архивное фото
Папки с документами, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Білім министрлігінің қызметкері ведомствоның жоғары лауазымды өкілдерін жемқорлық жасап, қысым көрсетті деп айыптады, шенеуніктер абыройы мен намысын қорғау үшін құзырлы органдарға жүгінбек

НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз — Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрлігінде тағы бір шу шықты. Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Анар Қайырбекова мәлімдегендей, жауапты хатшы Арын Орсариев пен вице-министр Рүстем Биғари қызмет көрсету туралы құжаттарға қол қою кезінде оған қысым көрсетіпті.

Әйелдің айтуынша, ведомствода серверлерді көшіру үшін 48 миллион теңге бөлінді, алайда жеткізуші жұмысты орындамаған.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда белді университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылды

Анар Қайырбекова вице-министр Рүстем Биғариға қарсы шығып, құжаттарға бұрыштама соғудан бас тартқанын жеткізді.

"Жауапты хатшы Орсариевке келісімшартты бұзу керектігін айттым. Алайда ол маған қысым көрсетіп, қол қоюға мәжбүрлеп, қаражатты аударды", - деді ол "Еуразия бірінші арнасының" тілшісіне.

Министрліктегі жемқорлық туралы арыздан кейін департамент директорына қатысты "болар-болмас ұсақ фактілер" бойынша бірқатар дисциплиналық іс қозғалған, деп хабарлайды 31 арна Қайырбекованың сөзіне сүйеніп.

"Содан соң 100 миллион теңгенің келісімшартына қол қоюға мәжбүрлемек болды, мен қарсы шықтым. Сол кезде Орсариев "сізбен жұмыс істеу қиындап кетті" деді", - дейді Қайырбекова.

Оның айтуынша, білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыповадан да қысым көрген екен.

Орсариев не дейді?

Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев оқиғаның қалай болғанын өзінше түсіндірді. Оның сөзіне сүйенсек, былтыр желтоқсан айында серверлік құрылғыны көшіру және жүйелік-техникалық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізіліпті.

"Бұл жұмыстар атқарылған: "Мемлекеттік техникалық қызмет" РМК берген ақпараттық қауіпсіздік туралы аттестат бар, сондай-ақ "Ұлттық тестілеу орталығы" РМК-да барлық құрылғы орнатылған", - деп жазды Орсариев Facebook парақшасында.

Мемлекеттік сатып алу процедурасын елорданың ішкі аудит департаменті тексерді, деп сендірді ол.

Тағы оқыңыз: Білім министрі оқытушылардың жаппай жұмыстан қуылуына қатысты түсініктеме берді

Орсариевтің айтуынша, жемқорлыққа қарсы қызмет қазір стартап-лагерь аясында құқықбұзушылықтар болды ма, жоқ па – тергеу жүргізіп жатыр. Былтыр жазда байқауды өткізудің бастамашысы Анар Қайырбекова болған еді, дейді ол.

Қайырбекова не үшін жазаланды

Жауапты хатшының айтуынша, Анар Қайырбекова сәуір айында дисциплиналық жауапкершілікке тартылған. Оған этикаға сай келмейтін әрекеті себеп болған екен.

"Бұл шешімге қатысты Қайырбекова сотқа шағым түсірді. Сот ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен білім және ғылым министрлігінің барлық әрекетін дәйекті деп таныды. Дисциплиналық іс интернетті ретсіз пайдаланғаны үшін қозғалды", - деді Орсариев.

Яғни, оның айтуынша, Қайырбекова жұмыс уақытында қызметіне қатысы жоқ сайттарға кірген.

Жемқорлық жасады деп айыпталған мемлекеттік қызметшілер ар-намысы мен абыройын қорғау үшін құзырлы органдарға жүгінеді, деп сөзін түйіндеді ол.

Жаңа білім министрінің жауабы

Қызметкерлер арасындағы кикілжің соңғы 4-5 ай бойы жалғасып жатыр, деп түсініктеме берді білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: Түркістан облысы лагеріндегі шу: оқиғаның неден басталғаны белгілі болды

"Бұл дерек бойынша 2019 жылдың мамырынан бастап құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Қазір министрлік органдарға барлық қажетті құжатты тапсырып, жан-жақты көмектесуде", - деп мәлімет берді ведомство баспасөз қызметі.

Сейсенбі күні үкімет отырысының кулуарында осы сұраққа қатысты министр Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген болатын.

"Ақпаратты растай да, жоққа шығара да алмаймын. Бұл мәселемен құзырлы органдар айналыссын. Шешімін күтеміз. Содан соң ғана пікір білдіреміз. Анар Қайырбекова департамент басшысы болып жұмыс істейді, ол шағым түсірді", - деді ведомство басшысы.

Жаңалықтар
0