Қоғам

"Елбасы дұрыс айтты": Сапарбаев Назарбаевтың сөзіне қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Асем МиржекееваБердибек Сапарбаев
Бердибек Сапарбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Вице-министр жыл басынан бері алты мыңнан аса қандасымыз атажұртқа оралғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев оралмандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

21 тамызда Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оралмандарды мемлекеттен көмек сұрай бермей, жұмыс істеуге шақырған еді. Осыған байланысты әлеуметтік желіде оралмандардың пікірі екіге жарылды. Бірі мемлекеттің қолдауымен көшіп келдік десе, енді бірі өз күшімізбен оралдық дейді.

"Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде шеттегі қандастарымыз туралы ақпараттар көбейіп кетті. Елбасы кеше дұрыс айтты. Қазақстан қандастарын атамекеніне шақырып жатқан әлемдегі аз ғана елдердің бірі. Сіздер жақсы білесіздер, осы уақыт аралығында бір миллионнан астам қандасымыз Қазақстанға көшіп келді. Олардың барлығына көмек көрсетіледі. Ал бізге көмек көрсетілмеді дегендердің жағдайын зерттеп қарау керек", - деді Сапарбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Тағы оқыңыз: "Жұмыс істеңдер": Назарбаев көмек сұрайтындарға жауап берді

Вице-премьер бүгінде мемлекет тарапынан оралмандарға қандай қолдау көрсетілетінін айтып берді.

"Павлодар, ШҚО, Шымкент және тағы басқа өңірлерде қандастарды Қазақстанның өмір-салтына тезірек бейімдеу үшін оңалту орталықтары салынған. Одан кейін сырттан келетін қандастардың жол шығындары, бастапқы кезде күнкөріске жұмсалатын шығындар. Одан кейін жұмысқа тұрғызу, балаларын мектеп, балабақшаға орналастыру, медициналық көмекпен қамтамасыз ету – барлығы мемлекеттің мойнында. Қазіргі есеп бойынша, өткен жиырма бес жыл ішінде 150 миллиард теңгедей бөлінді", - деді ол.

Сапарбаев бұл жұмыс ары қарай да жалғасын табатынына сендірді.

"Өткен жеті айдың ішінде алты мыңнан астам қандасымыз елге қоныс аударды. Бұл жұмыс ары қарай жалғасын табады. Егер қандай да бір сұрақтар туындайтын болса, министрлік (еңбек және халықты әлеуметтік қорғау – Sputnik ) жауап береді", - деді үкімет басшысының орынбасары.

Ол кейбір қандастар дер кезінде құжатын тапсырмағандықтан, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін айтты.

"Оның мерзімі бір-ақ жыл. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мерзім осы жылдың аяғына дейін ұзартылды. Енді азаматтар соны пайдаланып, азаматтығын алып үлгеруі керек", - деді Сапарбаев.

Жаңалықтар
0