НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланың өзекті проблемаларын атап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мысалы, Өндіріс тұрғын үй алабын алайық. Жаңылмасам, Серікбаев көшесінде 18 отбасы тұрады. Оларды баспана мәселесі мазалайды. Шынымен де, ол жерде тұруға болмайды, адам өміріне қауіпті. Кез келген күні проблема туындауы мүмкін. Міне, алдыңғы кезекте осы мәселелерді шешуіміз керек", - деді Көлгінов бүгін қоғамдық тыңдау барысында.
"Ол жерде мұнай терминалдары тұр. Жанар-жағармай сақталады. Негізі, санитарлық норма бойынша барлық құрылыс 1 шақырым шалғай салынуы қажет. Ал үйлер мұнай бөшкелерінің арасында орналасқан. 26 отбасы тұрады. Иә, олар үйренген. Бірақ басқа жерге көшіруді сұрайды. Біз тиісті шешімді қабылдаймыз", - дейді Көлгінов.
Бұдан бөлек, жаңбырдың суы жиналатын жерлер көп. Мәселен, Бауыржан Момышұлы даңғылында ылғи су жиналып, көлік қозғалысын тежейді. Әкімінің сөзіне қарағанда, бүгінде осы жол учаскесін жөндеу бойынша канализациялық желілердің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Енді, конкурс өткізіп, мердігерді анықтау қажет. Дегенмен, одан кейін тазарту желілері бойыша тағы бір конкурс өткізу керек.
"Сондай-ақ, Иманов пен Республиканың қиылысы бар. Осы учаске бойынша конкурс өтті. Мердігер анықталды. Жұмыстар басталып кетті. Шамамен, 2-2,5 жыл жасайды. Сосын Тұран даңғылында жөндеу жүргізу керек. Жалпы, қала бойынша осы іспетті 35 учаске бар", - деп атап көрсетті Көлгінов.
Айта кетейік, бүгінгі қоғамдық тыңдауда қала маңындағы аудандарды дамыту жайы талқыланды. Сол жерде инженерлік жүйелерді тарту, жолдарды жөндеу, жарық орнату және тағы басқа маңызды мәселелер қаралды.