Қоғам

Назарбаев Тоқаевпен не жөнінде келіскенін айтты

© Sputnik / СтрингерНұр Отан партиясының отырысы
Нұр Отан партиясының отырысы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елордада Назарбаев пен Тоқаевтың қатысумен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесіне жоғары оқу орындарындағы парақорлық мәселесін зерделеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Назарбаевтың айтуынша, бүгінде көптеген университетте студенттер емтихан тапсыру үшін пара беруге мәжбүр. Тіпті, жатақханадан орын бөлу кезінде де жастардан ақша сұрайтындар бар.

"Бұл жастардың наразылығын тудырады. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде кеңеске бірлескен топтармен осы мәселені зерделеп, қауіпсіздік кеңесінің талқылауына шығаруды тапсырамын. Қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз", - деді Елбасы Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Ол сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысына жастардың өзі белсене қатысуы керек екенін атап өтті.

"Ақшаға сатып алынған білімнің не пайдасы бар? Осыдан кейін қандай маман иесі шығады? Мәселен, Назарбаев университетін алайық. Ол жердегі студенттер пара дегенді атымен білмейді. 10 мың жас қазақстандық батыстың үздік жоғары оқу орындарында білім алып келді. Солардан сұраңдаршы, кімге пара беріпті? Көрдік қой кезінде, баласын оқуға жіберген кезде, ауылдан артынан соғым келеді. Түскен кезде тағы жібереді. Ай сайын жіберіп отырады. Әлі күнге дейін бәріміз сонымен жүріп келе жатырмыз", - деді Елбасы.

© Sputnik / СтрингерNur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр
Назарбаев Тоқаевпен не жөнінде келіскенін айтты - Sputnik Қазақстан
Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

Осы орайда Назарбаев білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті орнынан тұрғызып, кеңес берді.

"Ректорлармен жұмыс істеу керек. Он жылдап отырған ректорлар бар. Сен соның бәрін қара. Қазір біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен келістік. Енді ректорларды президент тағайындамайды. Үкіметке жүктеледі. Жұмыс істейтін, жаны ашитын, балаларға білім беретін адамдарды қалдыру керек. Олай жасамасаң, білім саласында ештеңе істей алмайсың. Сонда жастардың да қолдауы болады", - деді тұңғыш президент.

Айта кетейік, елордада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасы мен партияны қайта жүктеудің негізгі бағыттары талқылануда. Бұдан бөлек, саяси кеңес бюросына жаңа мүшелер қабылдау жоспарланып отыр.

Жаңалықтар
0