Саясат

Назарбаев: халық біздің жұмысымыздың нәтижесін көріп отыр

© Sputnik / Абзал КалиевДень домбры
День домбры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жиын барысында партияны "қайта жүктеу" бағдарламасы талқыланады деген жоспар бар

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Елордада Nur Otan партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жиын барысында партияны "қайта жүктеу" бағдарламасы талқыланады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, Саяси кеңестің бюросына жаңа мүшелер қабылданады.

"Бүгін біз ел дамуының негізгі бағыттары бойынша біраз мәселе жөнінде сөз көтеретін боламыз. Сол үшін саяси кеңестің кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз. Биыл партиямыз үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын білеміз. Екі съезд өткіздік. Партиямыздың 20 жылдығын өткіздік. Маусым айында президент сайлауында біздің кандидатымыз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті. Халық біздің жұмысымыздың нәтижесін көріп жатыр", - деді Назарбаев.

Партия төрағасының айтуынша, жаңа саяси жағдайда партияның рөлі артып отыр. Осыған орай бүгінгі кеңесте алдағы мақсаттарды талқылау жоспарланып отыр.

Отырыс бағдарламасына сәйкес, Үкімет басшысы Асқар Мамин партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша есеп береді. Одан кейін партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек партияны "қайта жүктеудің" негізгі бағыттары туралы айтып береді.

Тағы оқыңыз: Назарбаев еліне жаны ашитын қазақстандықтарға үндеу жасады

Айта кетейік, 16 тамызда Nur Otan партиясының саяси кеңесі бюросының жабық отырысы өткен болатын. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Осы жиында Назарбаев партияның мәжіліс сайлауына дайындық шараларын күшейтуді тапсырған. Сайлау Конституцияда көрсетілген мерзімде өтеді. Бұдан бөлек, Қазақстанның тұңғыш президенті еліне жаны ашитын қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.

"Біз өз бастамаларын ұсынатын белсенді азаматтарды, блогерлердің бәрін көреміз, естиміз. Өз еліне шынымен жаны ашыса, біз оларды бірге жұмыс істеуге шақырамыз. Өз идеяларын Nur Otan партиясы аясында жүзеге асыра алады", - деді Назарбаев.

Сол күні саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізу туралы қаулыға қол қойылды.

Nur Otan-ның саяси кеңесі немен айналысады?

Саяси кеңес партияның жоғарғы органы болып саналады. Осы құрылым съезде қабылданған шешімдерді іске асыру бойынша негізгі бағыттарды айқындайды. Кеңестің құрамына 100 адам кіреді. Оған президенттен басқа парламент палаталарының екі спикері, үкімет басшысы, мемлекеттік хатшы және тағы басқа қоғам қызметкерлері кіреді.

Партияның саяси кеңесі:

  • партия съезінің шешімдерін орындау жөніндегі партия органдары қызметінің негізгі бағыттарын белгілейді;
  • партияның сайлау науқандарына қатысуына байланысты мәселелерді қарастырады;
  • партияның атынан саяси мәлімдемелер мен үндеулерді қарастырады және енгізеді;
  • қалыптасқан қоғамдық қатынастар бойынша партия ұстанымын белгілейді;
  • партия Төрағасының ұсынысы бойынша өз құрамынан партия Саяси кеңесі бюросының мүшелерін сайлайды;
  • партия съезін шақырады, олардың күн тәртібін әзірлейді;
  • партияның ішкі пікірталастарын өткізу туралы шешімдер қабылдайды, олардың өткізілуін және қорытындылануын ұйымдастырады;
  • партия съезінің айырықша құзыретіне жатпайтын партия қызметінің басқа да мәселелерін шешеді.

Партияның Саяси кеңесі өз құзыретіне жататын жекелеген мәселелерді партияның Саяси кеңесі бюросының қарауына беруге құқылы.

Жаңалықтар
0