НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрі Екібастұз қалалық полиция басқармасының басшысын жұмысынан босатты. Павлодар облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының лауазымды тұлғалары мен департамент басшысының орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа газ баллонының жарылуынан күйіп қалған келіншек арызданған болатын. Осыдан кейін Екібастұз қаласына арнайы тексеріс жіберілді. Соның нәтижесі бойынша бірқатар лауазымды тұлғалар жазаланды.
Ресми мәліметке сәйкес, Екібастұз қаласына министрліктің бір топ қызметкері барды. Олар газ баллонының жарылуына қатысты қылмыстық істің созылып кету себептерін зерделеп шықты. Осы оқиғада екі адам қайтыс болды. Ал бір келіншек пен оның кішкентай қызы қатты күйіп қалды.
Тағы оқыңыз: Қостанайда жойқын жарылыс болды – видео
"Қызметтік тексеріс кезінде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын бұзу пен қылмыстық істі тергеу мерзімін негізсіз тоқтату фактілері анықталды. Бүгінде осы тәртіп бұзушылықтар үшін дәл осы қылмыстық іске жауапты болған бас тергеуші және тергеуші, сондай-ақ, Екібастұз қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің басшысы жұмыстан босатылды", - делінген ресми хабарламада.
Газ баллонының жарылуы
Осы айдың басында ішкі істер министрі қоғамдық қабылдауды өткізгенде Павлодар облысынан арызданушылар көп болды. Олардың ішінде Шидерті ауылының тұрғыны Найляна Имашева да бар. Үйінде газ баллоны өзімен-өзі жарылғаннан кейін оның барлық отбасы мүшелерін қатты күйік шалды. Бірнеше күннен кейін әке-шешесі қайтыс болды. Ал қызы екеуі 60-70 проценттік күйікпен мүгедек болып қалды. Ол үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ. Газ баллон толтырған станция да жауаптан құтылып кетті.