МӘСКЕУ ОБЛЫСЫ, 18 тамыз — Sputnik. "Танк биатлоны" сайысының ақтық эстафетасы 17 тамызда "Алабино" полигонында аяқталды, мәреге бірінші болып жеткен ресейлік танкистер рекорд орнатты: олар қашықтықты 1 сағат 33 минутта бағындырған.
Екінші орында Беларусь Республикасы – 1 сағат 41 минут. Қола жүлдені Қазақстан Республикасының танкистері иеленді – 1 сағат 46 минут. Әзербайжан құрамасы қазақстандықтардан 8 минутқа кешігіп, төртінші орынға жайғасты.
Эстафета – ең қиын сайыс болғанымен, бүгінгі финалистер бұрын да жақсы нәтиже көрсеткен болатын. Мысалы, ресейліктер 50 шақырымға созылған кедергілерден 1 сағат 36 минутта өтсе, беларус танкистеріне 1 сағат 45 минут қажет болды. Ал Қазақстан құрамасы олардан небәрі бес минутқа қалып қойған, нәтижесі – 1 сағат 50 минут. Үш Әзербайжан экипажы эстафетаны 1 сағат 55 минутта аяқтады.
Мәскеу түбіндегі танк биатлоны
Т-72 Б3 танкісін мінген экипаждар ату және жарысу, су кедергілерінен өту, жауынгерлік дайындығын көрсету бойынша сайысқа түсті. Конкурс шарты бойынша, құрамалар бір мезетте бастайды. Әр команда ату межелері және кедергілер бар жолды жүріп өтеді. Эстафетаға әр құрамадан 3 экипаж қатысты, олар бір ғана танкіге мінуі тиіс болды. Танк бұзылып қалған жағдайда, бір рет қана айырбастауға болады әрі айып санкциясын орындауы керек.
Командалар 27 жасанды кедергіден өтіп, 24 нысанға дөп тигізуі қажет (әр қателік үшін 500 метр айып шеңбері қосылады).
"Алабинода" өз танкистеріне қолдау көрсету үшін Әзербайжан қорғаныс министрі Закир Гасанов, Беларусь қорғаныс министрі Андрей Равков, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу келді.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық мергендер Халықаралық армия ойындарында қола жүлде алды
"Танковый биатлон" биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Оған Қазақстан, Армения және Беларусь командалары бұрыннан қатысып келеді. Бұл сынақтан Еуропа, Азия және Латын Америкасының 26 елінің құрамалары – 2 700-ден астам танкист өтті.
Биыл жарыста алғаш рет Өзбекстан, Куба және Судан командалары бағын сынап көрді.