НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз — Sputnik. "Астана Су арнасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы бас директоры Уәлихан Досаев 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Досаев "Астана Су арнасы" кәсіпорнының бас директоры болып тұрған кезде "Технополисжилстрой" ЖШС басшылығынан аса ірі көлемде пара алған. Ол ЖШС-ның иелігіне жылжымайтын мүлікті беру туралы қосымша келісім жасау үшін қоластындағы қызметкері арқылы "Молодая семья 2" тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер және 60 мың АҚШ доллары көлемінде ақша алды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
14 тамызда Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкім шығарып, Досаевты 7 жылға соттады. Ол жазасын төмен деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сондай-ақ Досаев өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды.