Қоғам

"Анашым, біз жанып жатырмыз": бес қызынан айырылған ата-ананың қасіретке толы әңгімесі

© Sputnik / Павел Львов / Медиабанкке өтуЦветы, свечи, игрушки, иллюстративное фото
Цветы, свечи, игрушки, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2019 жылы ақпанда елорда шетіндегі жантүршігерлік өрт салдарынан бір отбасының бес қызы қаза болған еді

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. "Времянкадағы" жойқын өрт кезінде қаза тапқан балалардың ата-анасы Жанымгүл мен Евгений Ситерлер бұрынғы депутат, блогер Тәңірберген Бердіоңғаровқа ашық сұқбат берді.

Қайғылы оқиғадан кейін жарты жыл өткен соң ерлі-зайыпты қалай өмір сүріп жатқандарын, бала сүюді жоспарлап жүргендерін, тіпті балалар үйінен сәби асырап алғысы келетіндерін айтты.

"Балалар үйінде, бөбектер үйінде болдық, жасы нешеде болса да, сәби асырап алсақ дейміз. Өз баламызды да өмірге әкелгіміз келеді", - деді Жанымгүл Ситер.

Жантүршігерлік оқиғадан кейінгі өмір

Ситерлер жанашыр азаматтардың қаражатына сатып алынған екі бөлмелі пәтерінде сұқбат берген. Бұл - отбасының алғашқы жекеменшік үйі. Жиналған қомақты сома пәтер алған соң да артылып қалған екен.

"Бір бөлігін депозитке салдық, балалардың жылын береміз. Содан соң көлік сатып алып, қалған бөлігін өз ісімізді ашуға жұмсадық. Қазір күйеуімнің өз техникалық қызмет көрсету орталығы бар. Екеуіміз де сонда жұмыс істейміз", - дейді марқұм қыздардың анасы.

Өртке дейін отбасы қалай күнелтті

Көпбалалы отбасы жұпыны тұрған, айына небәрі 50-60 мың теңгеге өмір сүріпті.

"Басы артық ештеңе сұраған емеспіз, үнемі бәрін өзіміз алатынбыз, бәріне ақшамыз жететін", - дейді Жанымгүл.

Евегний ТҚКО-да моторшы болып істейтін, қыста жұмыс онша көп болмаған соң, ерлі-зайыптының екеуі де бірге еңбек етуге мәжбүр болған.

"Сол күні үйде болуым керек еді, бірақ шақырып алды. Бастығым емес, клиент жұмысты тезірек бітіруімді талап етті", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Уақыт емші емес - өртен қаза болған бес қыздың әкесі

Жанымгүл бөлшектеп өлшеуші (фасовщица) болып істеген екен.

"Қыста үнемі бірге жұмыс істейтінбіз. Көбінесе пәтерлерді тазалайтынмын. Бірақ бұл жолы үй тазалайтын компаниялар көбейіп, тапсырыс түспей қойды", - дейді әйел.

Оның айтуынша, түнгі сағат екіде үлкен қызы Альбина хабарласып, әкесін жұмысқа шақырып алғанын, балалардың ұйықтап жатқанын айтқан.

"Балалар тірі, ауруханада деді"

2019 жылдың 4 ақпанында болған жантүршігерлік өртті еске алған Жанымгүл Альбинаның қоңырау соққанын айтты.

"Қызым хабарласып, "анашым, біз жанып жатырмыз" деді де, тұтқаны қоя салды. Сағат түнгі 02.32 болатын. Сосын мен көршіме қоңырау шалып едім, ол "бағанадан бері жанып жатыр, олардың дауысы да естілмейді" деді", - деп еске алады әйел.

Жойқын өрттің себептерінің бірі Евгений "времянканың" қабырғасын қаптаған пенопласт болған, ол тез әрі қатты жанады.

"Үлкенім Альбина, 2006 жылы туған, қолғанатым еді, үйдің бар шаруасы соның мойнында болатын. Балаларға қарап, екінші қызымның сабағына көмектесетін. Аспаз боламын деуші еді, тамақ пісіргенді жақсы көретін. Қолынан келмейтіні жоқ еді, 2018 жылы туған кенже қызым Бақыт оны "мама" деп атайтын. 2008 жылы туған Алина мүгедек еді, эпилепсиямен ауыратын. Альбина оған үнемі қамқор болып жүруші еді. Үшінші қызым Сабинаны бәрінен қатты жақсы көрдім, ол бәрін өз бетінше істейтін. Төртінші қызым Элина басқаларына ұқсамайтын – ең сұлуы сол болатын. Бәрі бір-бірімен өте тату еді", - дейді Жанымгүл көзіне жас алып.

Тағы оқыңыз: Апалы-сіңлі бес қыздың өмірін жалмаған өрт - оқиға орнынан видео

Өрт шыққанын естіген ерлі-зайыпты үйге келгенде Евгенийді бірден патруль көлігі алып кеткен, ал Жанымгүлге балалар ауруханада депті.

"Балалар ауруханада, тірі деді. Содан кейін күйеуім енді бізде бала жоқ екенін айтты. Маған ешкім тіс жарған жоқ, көлікте ұстап отырды", - деп еске алды ол.

"Ал мен УАЗ көлігін (балалардың мәйітін алып кеткен) көрген соң бірден түсіндім", - дейді Евгений.

Ата-ана "времянкаға" кірмеген, бұрынғы баспанасын екінші күні – балаларды мәйітханадан алып, жерлеген күні бір-ақ көрген.

"Әлі де сөгетіндер бар"

Бес баланың қайғысымен бірге Ситерлер жұрттың сөзіне де қалған.

"Үйде отыруы керек еді дегендер... Басымыздан не өткенін білмей, олай айтуға болмайды. Кейін мен туралы "аяғы ауыр екен, көлік астына түспек болыпты, жындыханаға жатқызыпты" деген қауесет айтылды. Содан соң алаяқтар... Бір күні туыстарым хабарласып, "мұнда сені "өлтіріп" қойды, бата жинап жүр" деді", - деп еске алады Жанымгүл.

Сонымен бірге алаяқтар отбасыға көмек үшін деп өз карталарына ақша жинаған, тіпті күні бүгінге дейін осылайша пайда тапқысы келетіндер бар көрінеді. Ситерлер ешкімге сенбеуді сұрайды.

"Жуырда Instagram-да балаларыма мемориал тұрғызу үшін ақша жинап жатыр деп жазыпты. Бірақ біз де, әкімдік те қандай ескерткіш, кім жинап жатқанын білмейміз. Халық ақшасын береді – ертең олардың бетіне қалай қараймын?" – дейді Жанымгүл.

Тағы оқыңыз: Астанадағы бес қыздың қазасынан ақша тапқысы келетін алаяқтар пайда болды

Дегенмен көптеген қайырымды жан қиын сәтте отбасының қасынан табылып, қайғы-қасіретке төтеп беруге көмектесті.

"Қаншама жұрт қолдау көрсетті, тіпті Ресей мен Қытайдан да келді. Мешітте ақша жинады. Бәріне алғысымыз шексіз. Отбасына бақыт тілейміз, бала-шағасы да, өздері де аман болсын. Бірақ бізді әлі де сөгетіндер бар. Барлық пікірді оқып, сол сәтті қайта бастан кешкендей боламын. Олар біздің жағдайымызды әлі де түсінбейді. Адамдардың бәрі жаман емес, жақсылары отырып жылайды, ал зұлымдар сынайды. Бірақ ешкімге ренішім жоқ. Бәрі бір Алланың қолында, сынайтын біз емес", - деп Ситер ойын түйіндеді.

Еске сала кетсек, елорданың Көктал-1 ауданындағы өрт салдарынан бір отбасының бес қызы қаза болған еді. Мыңдаған астаналық апалы-сіңлілерді жерлеу рәсіміне қатысты.

Жаңалықтар
0