НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз — Sputnik. Абат Шыныбеков Орал қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының басшысы болған.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі Шыныбеков президент әкімшілігі және қалалық мәслихаттың келісімімен тағайындалғанын хабарлады.
Бұған дейін қала әкімі болған Мұрат Мұқаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
Оралдың жаңа әкімі туралы не білеміз?
Абат Абайұлы Шыныбеков 1973 жылы туған. "Ауыл шаруашылығын механизациялау" мамандығы бойынша Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, "Экономика және менеджмент" мамандығы бойынша "Еуразия" Батыс Қазақстан тілдер және менеджмент институтын тәмамдады. "Ақпараттық технологиялар" мамандығы бойынша Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін бітірген. Техника ғылымдарының магистрі дәрежесі бар.
Түрлі жылдары Қаратөбе ауданының әкімі аппаратының бас маманы, бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратында бас инспектор, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары, Орал қаласы әкімінің кеңесшісі болды.
2017 жылдың маусым айынан бастап Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының әкімі болды.