Қоғам

Мұсылмандардың ұлық мейрамы Құрбан айт басталды

© Sputnik / Абзал КалиевАйт намаз читается рано утром - в мечети Нур-Султана верующие пришли уже к семи часам
Айт намаз читается рано утром - в мечети Нур-Султана верующие пришли уже к семи часам - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл Құрбан айт мейрамы 11-13 тамыз күндеріне белгіленіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Бүгін барша мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айт басталды.

Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын Ораза айттан 70 күн өткеннен кейін басталады. Құрбан айтта мұсылман қауымы құрбандық шалады, мал сояды. Құрбан шалу кісіні шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа адалдық пен сертке беріктікке шақырады.

Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімін киіп, хош иіс әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап қыдырады. Айттың алдында тәтті тағамдар мен  шелпек, бауырсақ пісіріледі.

Құрбан сөзі нені білдіреді

Құрбан – араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы "шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау" дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал "ұдһия" деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн.

Тағы оқыңыз: Құрбан айтта не істеуге болмайды - видео

Құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Құрбан шалу кімге уәжіп

Құрбандық шалу –  мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы да уәжіп. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Құрбандыққа қандай мал шалынады

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт.

Тағы оқыңыз: "Жеті адам ортақтаса алады": мешітте құрбандық шалу шарттары қандай?

Имамдар құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб екенін айтады. Еттің бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне (олар бай болса да сыйға тартылады), екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады.

Жаңалықтар
0