КСРО батыры Боран Нысанбаевтың жерленген жері табылды

© Sputnik / Кирилл Брага / Медиабанкке өтуАкция "День Неизвестного солдата"
Акция День Неизвестного солдата - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ресей Федерациясының Орлов облысында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ортақ қабірі табылды

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Ресейдің Орлов облысында 137-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің сүйектері табылды. Олардың ішінде Кеңес одағының батыры Боран Нысанбаев та болуы мүмкін, деп хабарлайды Ресейдегі Қазақстан елшілігі

Батыр Нысанбаев басқа жерде жерленген бе?

Ресми мәліметке сәйкес, жауынгерлердің жатқан жерін былтыр бір әйел көрсеткен. Екі күннен кейін ол кісі қайтыс болды. Ресейлік іздеу тобының мүшелері көрсетілген жерде 160 адамның жатқанын анықтады. Ал жеке заттарды зерделеудің олардың барлығы 137-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері екенін көрсетті. Дәл осы дивизияда КСРО батыры Боран Нысанбаев та болды.

© Photo : Ресейдегі Қазақстан елшілігінің сайтынан алындыКСРО батыры Боран Нысанбаев
КСРО батыры Боран Нысанбаевтың жерленген жері табылды - Sputnik Қазақстан
КСРО батыры Боран Нысанбаев

Жергілікті тарихшы әрі өлкетанушы Александр Полынкиннің айтуынша, 1960 жылы Покров ауданының Усть-Лески аулында (қазіргі атауы - Лески) Боран Нысанбаевтың белгісі орнатылған болатын. Ал біршама уақыттан кейін Дросковода батырдың ескерткіші бой көтерді. Алайда Нысанбаев ол жерде жерленген емес. Себебі 137-ші атқыштар дивизиясы Лески деп аталатын мүлдем басқа жерде соғысқан. Ол екі ауданның шекарасында орналасқан болатын.

Тағы оқыңыз: Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар

Жаңадан табылған қабірдің сүйектерін генетикалық сараптамадан өткізу үшін біраз қаражат қажет. Онсыз сол жерде жатқан жауынгерлердің кім екенін анықтау мүмкін емес.

Боранның ерлігі

Кеңес одағының батыры, минометшілер расчетінің командирі Боран Нысанбаев 1918 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай округіне қарасты Қаңбақты елді мекенінде дүниеге келген.1942 жылы 6 қаңтарда Есбол ауданының әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, №137-атқыштар дивизиясының №770-полкінде минометші болған. Ол Орел облысы, Покровск ауданы, Лески ауылы үшін болған ұрыста жаудың атыс ұясын жойып, сол жерде 1943 жылы 6 ақпанда ерлікпен қаза тапқан.

Лески ауылын жаудан азат еткенде Боран денесінің жанында жаудың 28 жауынгерінің өлі денесі жатыпты. Ол майдан даласында Александр Матросовтан 17 күн бұрын ерлік жасап, жау ұясын кеудесімен жауып, беліне байланған гранаталарын дзот ішінде жарып үлгерген. Сөйтіп, өзі қаза тапса да дұшпандарын жер жастандырып, шабуылдаушы жауынгерлердің жолын ашқан. Жерлесімізге теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңес президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Тағы оқыңыз: Рақымжан Қошқарбаевтың қызы: әкем ерлік жасадым деп санамайтын

Ресейдің Орел облысы Покров ауданындағы Верхний Жерновец және Дросково ауылдарының жұртшылығы өздерін қалың жаудың езгісінен босатқан Боран Нысанбаевтың есімін ерекше қадірлейді. Олар әрбір мереке сайын Дросководағы мектептің ауласында тұрған жерлесіміздің алып ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып отырады. Дросковолықтар 13 ақпанды өз жерінің, ал, 14 ақпанды бүкіл Покров ауданын неміс басқыншыларынан азат етілген күні ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Верхний Жерновец ауылында Боран Нысанбаев атындағы мектеп, ал Лески ауылында жерленген жері де бар.

Жаңалықтар
0