Шабуыл жасалғаны жайлы кеше кешке белгілі болды, кешкі сағат 8-ге қарай күш құрылымдары Атамбевтың үйіне жинала бастады. Олар Атамбаевтың үйінің ауласына баса-көктеп кіріп, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мәлімдегендей, резеңке оқпен ата бастады, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Атамбаевтың жақтастары күш құрылымдарының әрекетіне жауап ретінде үйге кірді. Кейінірек белгілі болғандай, олар арнайы жасақ сарбаздарын кепілге алды.
Республика Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, Бішкек ауруханаларына және Шу облыстық ауруханасына әртүрлі жарақатпен 43 адам жатқызылды. Бір арнайы жасақ сарбазы операция кезінде кеуде тұсына тиген оқтан көз жұмды.
Ішкі істер министрлігінің Шу облысындағы басқармасының бастығы Самат Құрманқұлов ауыр жарақат алды, ол комаға түсті. Экс-президентті ұстау мүмкін болмады.
Атамбаев мәлімдеме жасады
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасады. Ол адамдардың, соның ішінде арнайы жасақ сарбаздарының зардап шеккеніне өкініш білдірді.
Атамбаев "билік заңға қарсы келмеу туралы үндеулерге құлақ аспады" деп мәлімдеді. Ол бірнеше рет жазбаша куәлік беруді ұсынғанын және Батукаев ісіндегі кез келген сұраққа жауап беруге дайын екенін атап өтті. Ол сондай-ақ билікті арсыздыққа барды деп айыптады, өйткені олар экс-президенттің кінәсіз екенін біледі.
Атамбаевты экс-президент мәртебесінен қалай айырды
13 маусым күні Қырғызстан парламенті арнайы комиссия құрған болатын. Комиссия Алмазбек Атамбаевтың алты қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін деген қорытынды жасады. 20 маусым күні Жогорку Кенеш бұл қорытындыны мақұлдап, Бас прокуратураға жіберген.
Кейін бас прокурор алты фактінің бесеуі бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз бар екенін айтты. 27 маусым күні Жогорку Кенеш Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айыру туралы шешім қабылдады.
Тағы оқыңыз: Жээнбеков Атамбаевқа қатысты жағдайға түсініктеме берді
Бұдан соң саясаткердің үйінің маңында жақтастары жинала бастады. ІІМ тергеу тобы Атамбаевты үш рет жауап алуға шақырды. Алайда ол барған жоқ. Жогорку Кенеш шешімін заңсыз деп санайтынын алға тартқан. Атамбаев Коституциялық палатаға талап жолдады.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Алмазбек Атамбаевтың ісі заң аясында шешілуі тиіс екенін мәлімдеді.