НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Марат Әйтімов Димаштың әлемдік деңгейге көтерілуінің себебін және фонограммамен ән айтуға неге тыйым салу қажеттігін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында түсіндірді.
Марат Әйтімов Қызылорда облысы Ақарық ауылында дүниеге келген. Жастайынан музыкаға қабілеті болыпты. Ол бұл қабілетінің нағашы жұртынан дарығанын айтады. Мектепті бітірген соң, қазіргі Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде оқиды. Білім ордасын тәмамдап, әскери борышын өтейді.
"Кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ән салу факультетіне түстім. Онда профессор Александр Поликаркин, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Инаят Жарылқанов деген оқытушылардан білім алдым. 5 жылдан соң оқуымды бітірдім. 1992 жылы жолдамамен Ақтөбе қаласына жұмыс істеуге келдім", - дейді ол.
"Жалақы алмау үйреншікті жағдай болды"
Сол жылдары жас маман біраз қиындыққа тап болады. Бірақ мамандығына деген адалдық Әйтімовтің ұстаздық жолын тастап кетпеуіне септігін тигізіпті.
"Кеңес Одағының құрамына 15 республика кірді ғой. Егемендік алардың алдында тоқырау басталды. Қиындық туындады. Осы сәтте мен сабақ бере бастадым. "Айлық алмау" дегенүйреншікті жағдай болатын. Бұл саланы тастап кетпеуіме кәсібіме деген адалдығым септігін тигізді. 1994-1995 жылдары жалақы мәселесі өткір тұрды. Жағдайымыз 2000 жылдары жақсара басталды", - дейді ұстаз.
Әлемді мойындатқан дауыс
Марат Әйтімов әлемді мойындатқан жас әнші Димаш Кұдайбергеновке колледжде 4 жыл сабақ беріпті. Ол шәкіртінің еңбекқор, қағылез болғанын айтады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Димашты кішкентай кезінен білемін. Оның анасы Светлана Айтпаева – менің шәкіртім. Димаш мектепті бітіріп, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің ән салу бөліміне түсті. Оған 4 жыл сабақ бердім. Еңбекқор, зерек, тәрбиелі студент болды. Оның әлемдік деңгейдегі әнші болуына, біріншіден, оның еңбекқорлығы, екіншіден, музыкалық отбасыдан шығуы әсер етті", - дейді Марат Әйтімов.
Димаштың ұстазы шәкіртінің талантты екенін атап өтті. Оның даусы мен ән салу шеберлігіне баға берді.
"Димаштың дауысы қойылған. Мысалы, бұрынғы видеоларды көрсеңіз, оның даусы басқаша болғанын байқауға болады. Қазір Димаштың даусы зор, кәсіби деңгейде. Ал қойылмаған дауыс бірден білініп тұрады ғой. Мұндай жағдайда адам жоғары ноталарды ала алмайды.Сондықтан кәсіби мұғалімдер дауыс қоюдың әдісін біледі. Олар дауысты тынысқа "келтіріп", ән айтуды үйретеді", - дейді Марат Әйтімов.
Оның айтуынша, дауыс қою 4-5 жыл уақыт алады. Бірақ маман шеберлікті шыңдаудың шегі жоқ деген пікірде.
Димаштың даусына қауіп төнуі мүмкін бе?
Марат Әйтімов күрделі әндерді орындап, жоғары ноталарды алған кезде әншінің даусына қауіп төнуі мүмкін екенін жеткізді. Алайда бұл мәселеде бірнеше факторды назарға алған жөн.
"Егер әнші ән айтудың қыр-сырын білмей, жоғары нотадағы әнді айтса, бұл оның даусына қауіпті болуы мүмкін. Дауыс ет пен шеміршек арасындағы көмейде пайда болады. Ол өте нәзік, күтім қажет. Егер музыкалық жоғары білімі бар әнші күрделі әндерді орындаса, жоғары нотаны дәл ала білсе, мұның оған еш зияны жоқ. Себебі ол дұрыс дем алады. Сондықтан мен Димашқа ешқандай қауіп төнбейтініне сенімдімін", - дейді ұстаз.
Шәкірттеріме ақыл-кеңес айтамын
Әйтімов Ерке Есмахан, Нұрболат Абдуллин сияқты танымал әншілерге де сабақ берген. Ол шәкірттерімен байланысын үзбегенін, оларға ақыл-кеңес беріп тұратынын жеткізді.
"Димашпен кездескен сайын "даусыңды күтіп жүр" деп үнемі кеңесімді беріп отырамын. Бұл тек Димашқа қатысты қағида емес. Әрбір әнші өз даусын күтіп ұстамаса, даусының ғұмыры ұзақ болмауы мүмкін. Шәкірттерім мені ұмытқан емес. Мысалы, Нұрболат Абдуллин жеке концертін берген соң, "қалай болды?" деп хабарласып, ақыл-кеңес сұрайды", - дейді ол.
Фонограммаға тыйым салу қажет
Сонымен қатар педагог фонограммамен ән айтуға тыйым салу мәселесіне қатысты жеке пікірін білдірді.
Тағы оқыңыз: Толқын Забирова Димаш туралы ойын айтты
"Жаңа мәдениет және спорт министрі келгеннен кейін "әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салатын" заң шығады деген сыбыс бар. Егер мұндай заң қабылданса, мен құптаймын. Халықты алдауды тоқтатқан дұрыс. Заң қабылданса, қазақ эстрадасындағы кейбір әншілерге қиын болуы мүмкін. Бұл – менің жеке пікірім. Бірақ бәсекелестік артады", - дейді Марат Әйтімов.
Той бизнес
Оның пікірінше, тойда ән айтудың еш оғаттығы жоқ. Әйтімов елімізде той бизнесінің дамуының бірнеше себебі бар екенін айтып отыр.
"Тойға әншіні шамасы келетіндер шақырады. Менің ойымша, мұнда тұрған еш оғаттық жоқ. Қазақстанда шоу бизнес дамымаған. Әншілер диск сатудан, концерт қоюдан мүлдем пайда таба алмайды. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, халықтың саны аз. Екіншіден, көрші Ресейдің тұрғындары сүйікті әншілер келген кезде, бір билетті 12-15 мың теңгеге сатып алады. Олар үшін бұл қалыпты құбылыс. Ал біздің тұрғындардың қалтасы мұны көтере бермейді", - дейді ол.
Ержан және Данэлия
Марат Әйтімов Ержан Максим және Данэлия Төлешова есімді жас әншілердің өнерімен таныс екен. Олар әндерді нақышына келтіре орындайды деген пікірде.
"2018 жылы Ержан Максим Ақтөбеде ұйымдастырылған "Бақытты бала" атты халықаралық байқауда жеңімпаз атанып, бас жүлде алды. Оның ән айту мәнеріне белгілі бір себептерге байланысты бағамды бермей-ақ қояйын. Ал Даниэля Төлешова да сол байқауда қонақ ретінде өнер көрсетті. Оның "Голос. Дети" байқауында қалай өнер көрсеткенін де көрдім. Ол көптеген отандық әншінің қолынан келе бермейтін ән айту техникасына ие. Кәсіби деңгейі жоғары әнші", - дейді ұстаз.
Әйтімов өз өмірін өнермен байланыстырғысы келетін болашақ әншілердің музыкалық білімі болуы шарт екенін атап өтті.