НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Украинаның Николаев облысында 16 жастағы жасөспірім компьютерді өшіргені үшін атасын пышақтап өлтірді, деп хабарлайды ТСН телеарнасы.
Новоодеск полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Максим Евграфов қайғылы жағдайды растады. Зейнеткер қызы мен жиенінің үйіне қонаққа келіпті. Ол жиенінен ауладағы арам шөпті шабуға көмектесуін сұраған. Жасөспірім ойынға берілгені соншалық, атасы компьютерді өшіріп тастағанда, оған қарсылық көрсеткен.
"Ол пышақ алып, атасының кеудесіне бес рет сұққан. Екі соққы жүрекке тиді", - дейді Максим Евграфов.
Жедел жәрдем қызметі келгенше зейнеткер оқиға орнында қаза болды. Жиені не болғанын түсініп, полицияны өзі шақырыпты. Ол жасаған әрекетін мойындап, қатты өкінген.
"Ол адам өлтіргенін түсінді. Сондықтан полиция қызметін шақырды. Жасөспірім өз қылмысын толықтай мойындады", - дейді Новоодеск полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Көршілер осы уақытқа дейін бұл үйде ұрыс-керіс болмағанын, бірақ 16 жастағы жасөспірімнің тұйық болғанын айтты.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында бүтін бір отбасын атып, өртеп жіберді
"Жақсы отбасы болатын. Үйде 5 жасар қызы мен 16 жастағы ұлы бар әйел тұратын. Күйеуі болған жоқ. Атасы бөлек тұрды. Бірақ ол үнемі көмектесетін. Зейнеткер сабырлы адам еді. Балаларды тәрбиелеу үшін ғана ұрысатын", - дейді көршісі.
Ал адам өліміне күдікті бала Николаев ауданындағы колледжде компьютер мамандығында оқыпты. Ол тұйық, ешкіммен араласпаған көрінеді.
Психологтар баланың компьютерлік ойынға тәуелді екенін айтады.