НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз — Sputnik. Алматыдан шыққан жолаушылар автобусы Бұхар облысында аударылды. Бір адам қаза болып, он адам зардап шеккен, деп хабарлайды Өзбекстанның ішкі істер министрлігі.
Қайғылы оқиға жексенбі күні, 4 тамызда болды. Алматыдан өзбектің Нукус қаласына кетіп бара жатқан автобус жүргізушісі, неге екені белгісіз, рөлге ие бола алмай қалады. Салдарынан көлік жол жиегіне құлап кеткен. Рөлде 41 жастағы Шымкент тумасы болыпты.
"Жол апаты салдарынан автобус жолаушыларының бірі қаза тапқан, он адам ауруханаға жатқызылды", - делінген ІІМ жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының хабарламасында.
Оқиғаның себебі анықталып жатыр, тергеуге дейінгі тексеріс жүргізіледі.
Тағы оқыңыз: Алматы темір жолында екі бірдей апат болды - қорқынышты кадрлар
Бұған Науаи облысында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып қалды. Оқиға орнында үш Қазақстан азаматы (1952, 2013 және 2016 жылы туған) қаза болды. Тағы үш қазақстандық ауыр жарақат алып, аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, отандық дипломаттар зардап шеккендер мен олардың отбасына көмектесіп жатыр.