АЛМАТЫ, 5 тамыз — Sputnik. Алматыда белгілі шоумен Антон Вороширинді өз пәтерінде таныстары соққыға жығып кетті. Күдіктілер оның құрбысын да ұрып-соққан.
Шоуменнің айтуынша, бірінші тамызда таныс әйел хабарласып, кездескісі келеді. Алайда ол Ворошириннің үйіне жалғыз келмеген.
"Арамызда кикілжің болған құрбысын ертіп келіпті. Қасында бейтаныс жігіт бар еді", - деді шоумен Sputnik Қазақстан тілшісіне телефон арқылы.
Екатерина Антонға "мені жамандадың" деп кінә артып, қоқан-лоққы көрсетеді. Ақыры үшеуі шоуменнің үйінің астаң-кестеңін шығарып, құрбысы Дарьяны шақыруға мәжбүрлейді. Дарья келген соң, Антон екеуін күштеп, Екатеринаға алты миллион қарыз екені туралы қолхат жазғызып алған.
"Содан соң бізді ұрып-соқты. Органдарға хабарласақ, бізден және жақындарымыздан өш алатындарын айтты. Телефонымыз бен жеке куәлігімізді алып кетті", - дейді Вороширин.
Ворошириннің құрбысы Дарьяның жағы шығып, тістері сынған.
Тағы оқыңыз: Алматыда үйіне келген әйел жатын бөлмеде балтамен жүрген қаскөйдің үстінен түсті
Шоумен полиция бөліміне шағым түсіріп, медициналық анықтама алды. Қаланың полиция департаменті баспасөз қызметі айтқандай, қазір Қылмыстық кодекстің 389-бабы "Өзінше билік ету" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
"Күдіктілердің бірі анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тағы екеуі – ер мен әйел іздестіріп жатыр, олар тергеуден әдейі қашып жүр", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Олардың кінәсі дәлелденсе, үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе сонша мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.